Елбасының құрметті төраға атануына орай түрік басылымдары не жазып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен Қазақстан әлеуметтік, мәдени және экономикалық тұрғыдан дамыды, бейбітшілік және келісім принциптеріне негізделе отырып, көршілес елдермен байланыстарын нығайтты, сондай-ақ, халықаралық аренадағы салмағын арттыра түсті. Бұл туралы түріктің танымал БАҚ өкілдері жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске сала кетейік, кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесінің құрметті төрағасы атанған болатын. Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанның ұсынуымен және Түркі кеңесіне мүше елдердің мақұлдауымен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркі кеңесінің өмір бойғы құрметті төрағасы мәртебесі берілді. Бұл туралы Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу 24 мамыр күнгі Елбасымен кездесуінде мәлімдеді. М. Чавушоглу Ақсақал, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ халқының игілігі жолындағы көрегендігін әрқашан жоғары бағалағанын айта отырып, «Түркия мен Қазақстан арасындағы байланыстарды дамытудағы көшбасшылығы, еңбегі мен көрегендігі үшін өзіне тағы да үлкен алғыс білдіреміз» деді.

Анадолу агенттігінің жазуынша, Назарбаевтың көшбасшылығымен Қазақстан әлеуметтік, мәдени және экономикалық тұрғыдан дамыды, бейбітшілік және келісім принциптеріне негізделе отырып, көршілес елдермен байланыстарын нығайтты, сондай-ақ, халықаралық аренадағы салмағын арттыра түсті. Ядролық қарудан бас тарту, АӨСШК-н құру, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелігі сияқты бастамаларымен көзге түскен Қазақстан бүгінде Еуразия кеңістігінің маңызды ойыншысына және халықаралық қауымдастықтың беделі жоғары мүшесіне айналған.

Жаңалықты Түркияның бірқатар газеттері мен ақпараттық порталдары жариялады. Атап айтқанда, түрік басылымдары Н. Назарбаевтың Қазақстанның ғана емес, Түркі әлемінің лидері екенін, оның күллі түркі жұртын бірлестіру жолында маңызды қадамдар жасағанын жазуда. Олар Түркі әлемінің Ақсақалы атанып кеткен Н. Назарбаевтың Түркі кеңесінің дем берушісі және 1992 жылдан бері өткізілген 15 Түркі мемлекет басшылары саммитінің барлығына мүлтіксіз қатысқан жалғыз көшбасшы екендігіне назар аударды. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын жариялауы мен қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы шешімінің Түркі әлемін одан сайын жақындастыруға бағытталған стратегиялық қадамдар екендігінің асты сызылуда.

Өз кезегінде, Түркияның белгілі сарапшылары да жаңалыққа қатысты пікірлерін білдіруде. Мәселен, саясаттанушы, профессор К. Зорлу мен Еуразия жазушылар одағының басшысы Я. Омероглу Нұрсұлтан Назарбаевқа құрметті төраға атағының берілуіне байланысты қуаныштарын бөлісіп, Түркі кеңесі мен Түркі әлемінің осы қадамнан кейін күшейе түскеніне және жауапкершілігінің арта түскеніне назар аударды.

Соңғы жаңалықтар