Елбасының қолынан «Алтын алқа» алу қандай бақыт! - М.Ақсиева, БҚО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасының қолынан «Алтын алқа» алған кезде мен өзімді ерекше бақытты сезіндім. Бұл туралы Халықаралық әйелдер күні қарсаңында әр саланың үздігі атанған қыз-келіншектердің қатарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болып қайтқан Қазталов ауданы Талдыапан ауылдық округіне қарасты Қайшақұдық елді мекенінің тұрғыны Мереке Ақсиева мәлім етті.

Оның айтуынша, «Елбасының қабылдауына барасың» дегенде, қатты қобалжыған екен. Содан ба екен, қабылдауда болған кезде толқып, аяқ астынан айтар сөзін ұмытып қалды. «Сонда жылап та алдым. Сол кезде белгілі әнші Татьяна Бурмистрова жаныма келіп, мені жұбатты. Ол кісі аналық ақылын айтып, «Неге жылайсың, Елбасының қолынан «Алтын алқа» алу екінің бірінің қолынан келе бермейді», деп көңілімді көтерді. Шынында да Елбасының жылы жүзін көріп, жанашыр сөзін естудің өзі бір бақыт екен. Алда Президенттік сайлау келе жатыр. Оған белсене қатысуға ауылдастарымды үгіттеп, өзім де қалаған адамыма дауысымды беремін», - деді М.Ақсиева. Айта кетейік, Ермек пен Мерекенің тұңғышы Мақпал Ақжайық ауданында мұғалім болса, Ақеркесі - Оралдағы «Еуразия» тілдер және менеджмент институтының ІІІ курс студенті. Қалғандары мектепте, кенжесі Нұрдәулет бір жас үш айға толды. Қайшақұдық ауылында клуб меңгерушісі қызметін атқаратын жеті баланың анасы Мереке Ақсиева алдағы уақытта ұл-қыздарының өзі ерекше әсер алып қайтқан әсем Астанада оқып, еңбек еткенін армандайды.

Соңғы жаңалықтар