Елбасының еуразиялық бастамасының 25 жылдығына орай халықаралық конференция өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада «Идеядан - шындыққа: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының еуразиялық бастамасына 25 жыл» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шара Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған «Практикалық Еуразия» идеясы бойынша сөйлеген сөзіне және Еуразиялық экономикалық одақтың бес жылдығына арналып отыр.

Конференция қатысушыларына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин құттықтау хат жолдады. Путиннің құттықтау хатын Ресей Федерациясы Президентінің шет елдермен аймақаралық және мәдени байланыстар жөніндегі басқарма басшысы Владимир Чернов оқып берді.

«Еуразиялық кеңістіктегі мемлекеттер соңғы ширек ғасырда тең құқылы мемлекеттерді жұмыс істеп тұрған қуатты экономикалық одаққа біріктіруге дейінгі ұзақ жолды жүріп өтті. Еуразиялық интеграциялық жоба толықтай тиімді болып шықты. Трансшекаралық және өңіраралық ынтымақтастық серпінді түрде күшейіп, түрлі салалардағы жобаларды бірлесіп дамыту жалғасып жатыр. Сонымен қатар, ЕАЭО аясында интеграциялық үдерістер Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас пен одақтастықты нығайтуға қосымша мүмкіндік береді», - деп атап өтті өз хатында Владимир Путин.

Конференцияға Еуразиялық экономикалық комиссияның басшылары, парламенттердің, президенттік әкімшіліктердің, Ресей мен Қазақстанның сыртқы істер министрліктерінің өкілдері, елордадағы шетелдік дипломатиялық миссиялардың жетекшілері, жетекші сарапшылар, қоғам қайраткерлері, Еуразиялық экономикалық одақтың журналистері қатысты.

Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева жолдаған құттықтау сөзді депутат Серік Бектұрғанов оқып берді.

«Мемлекетіміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларында трансформация болып жатқан тарихи кезеңде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы идеясының маңызы арта түсті. Тарих төрінде жарқын және тағдырлы көшбасшылықтың көптеген үлгісін білеміз. Ел басшысының бастамалары мен идеясының ауқымын, маңыздылығын бағалау үшін белгілі бір тарихи кезең қажет. Ширек ғасыр - хронологиялық қашықтық. Бұл бастапқы идеяны түсінуге, нәтижелерді бағалауға, Елбасының бұл процестегі еңбегін бағалауға мүмкіндік беріп отыр », - деп жазылған Дариға Назарбаева жолдаған құттықтауда.

Соңғы жаңалықтар