Елбасының дала өркениеті туралы сөйлеген сөздері түрік тілінде кітап болып шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Түрік тілінде басылып шыққан «N.A. Nazarbayev. Ulu Bozkirin mirasi» («Н.Ә. Назарбаев. Ұлы дала мұрасы») кітабының таныстырылымына арналған халықаралық онлайн конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының баспасөз қызметінің мәліметінше, шараны Елбасы кітапханасы ҚР Сыртқы істер министрлігі және Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымымен (ТҮРКСОЙ) бірлесіп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің қолдауымен Тұңғыш Президент күніне орайластырып өткізді.

Басылымда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тарих, түркі әлемі және дала өркениетінің негізгі бағыттарын қозғайтын маңызды баяндамалары мен сөйлеген сөздері берілген. Кітап дала өркениетінің тарихи және рухани мұраларын жаңғыртудың, түркі мемлекеттерінің интеграциясын дамытудың заманауи үрдістерін қамтитын маңызға ие.

«Бұл кітап – Қазақстанның мәдени-тарихи дамуы, Ұлы Дала ойшылардарының мұралары, түркі әлемін интеграциялау идеясының қысқаша мазмұны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті жариялаған қазіргі қоғам мен мемлекеттің рухани-саяси дамуының өзекті мәселелері туралы зерттеулерден тұрады. Елбасы үш құрлық – Азия, Еуропа және Африка аумағына таралған, халқы 300 миллион адамды құрайтын үлкен кеңістік – Түркі әлемін сақтау, дамыту және интеграциялау мәселесіне ерекше мән беріп келеді», - деп іс-шараны ашқан Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының басшысы Әмірхан Рахымжанов Қазақстанның Тұңғыш Президенті түркі еуразияшылығының басты идеологтарының бірі екенін баса айтты.

«Елбасы сонау тәуелсіздік жылдарының бас кезеңінен бастап-ақ, бауырлас түркітілдес халықтардың мәдени байланыстарына басымдық берді. Соның арқасында түркі халықтары арасындағы алғашқы халықаралық ұйым – ТҮРКСОЙ ұйымы 1993 жылы, кейіннен Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен түркітілдес елдердің интеграциялық ұйымдары – ТүркПА,Түрік Кеңесі, Түркі Академиясы құрылды», - деді ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов.

ҚР Тұңғыш Президентінің кеңесшісі – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Кеңсесінің ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Әділ Тұрсынов Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбековтің үндеуін оқып берді: «Елбасының бұл кітабы – өзінің мазмұны мен тақырыбы жағынан өте ауқымды әрі бірегей басылым. Жинаққа Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің негізін қалаушы, көрнекті саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың іргелі мақалалары мен ресми сөйлеген сөздері, соның ішінде Түркі кеңесіндегі маңызды баяндамалары енгізілген. Олар Еуразия аймағын мекендеген көшпелі халықтардың тарихи даму ерекшеліктері мен кезеңдерін, жалпы адамзат дамуындағы түркі өркениетінің рөлін, Ұлы даланың ұлағатты ұрпақтарының шығармашылық, қоғамдық-саяси мұрасын қамтиды. Әсіресе Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың түркі халықтарының рухани мұрасын, мәдениетін, тілі мен дәстүрін жаңғыртудағы, қалпына келтірудегі стратегиялық маңызы бар бастамаларын ерекше атап өту керек. ... Конференцияға қатысушылардың баяндамалары Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың интеграциялық көзқарастары мен бастамаларының гуманитарлық және тарихи әлеуетін айқын әрі терең танытуға мүмкіндік береді деп сенемін».

«Елбасы осы құнды еңбегінде мәдениетіміздің барша түркі әлеміне, өткені, бүгіні мен болашағына, әлемдік өркениетке қосқан үлесі туралы баяндайды. Түркі әлемінің азаматы ретінде көкірек көзімізді ашқан осынау құнды еңбекті берген Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығымды білдіргім келеді және оған зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін», - деді Түркия Республикасы Президентінің Кеңесшісі Ялчын Топчу.

«Түркі әлемі Орталық Азия және Еуразиямен бірге адамзаттың әлемдік тарихи-мәдени мұрасында жетекші орындардың біріне ие, дәл осы кеңістік мегарухани орталық, әрі адамзаттың өркениеттік факторы болып саналады. Өркениеттің дамуына түркілердің қосқан үлесі орасан зор және басым мән беріп, терең зерттеуге лайық. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы Дала мұрасы» кітабында түркі өркениеті мен түркілердің жаһандық мәдениеттегі рөлі мен тарихы жарқын жазылған. ... Елбасының аталған еңбегінің негізгі үндеуі – Ұлы Даланың әлем тарихындағы рөліне жаңаша көзқарас», - деген Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары, Қырғызстан Республикасы премьер-министрінің кеңесшісі Сұлтан Раев Н.Ә. Назарбаев түркі әлемінің рухани әкелерінің бірі екенін атап өтті.

Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Әзербайжан Парламентінің депутаты Низами Джафаровтың айтуынша, «Ұлы Дала мұрасы» кітабы автордың ұлы тарихи қызметін (және тұлғалығын) түсіну және қазақ халқының рухына терең үңіліп, жаңаша қарау болып саналады.

«Ұлы Дала мұрасын» тек Қазақстанда, иә түркі елдерінде ғана емес, бүкіл әлемде оқытып, талдайтынына сенімдімін. Бұл туынды сарқылмас рухани қазына ретінде тарихи құндылығын ешқашан жоғалтпайды. Нұрсұлтан Назарбаев өз кітабында тек қазақтардың ғана емес, жалпы түркі халықтарының – түркі әлемінің өткені, бүгіні мен болашағы туралы айтады», - деп атап өтті ол.

Конференция барысында сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ш.Нұрышев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Д.Қыдырәлі, Анкара университетінің ректоры, профессор Н.Унувар, Гази университетінің ректоры, профессор М.Йылдыз, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Д.Қамзабек баяндама жасады.


Соңғы жаңалықтар