Елбасының әлеуметтік бастамаларының орындалуын қоғамдық бақылауға алу ұсынылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов әлеуметтік бастамаларды қоғамдық бақылауға алуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» съезінде атап өтілген бірқатар тапсырмалардың орындалуын қоғамдық бақылауға алу ұсынылады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 7 жыл ішінде 40 мыңнан астам жалға берілетін пәтердің құрылысы басымдықты түрде көпбалалы санатынан аз қамтылған отбасыларға негізделген. Екіншіден, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша көпбалалы, толық емес отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларға 2-3 пайыз жылдық көлемде жеңілдікті тұрғын үй займдарын ұсыну бағыты бар», - деді Б. Жұмағұлов ҚР Тұңғыш Президентінің Бес әлеуметтік бастамасының іске асырылуын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында.

Сенатор қоғамдық бақылауға алуды қажет ететін тағы бір бастаманы ұсынды. Ол «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға арналған 1 мың пәтердің құрылысына қатысты болып отыр.

«Екінші әлеуметтік бастама табысы төмен азаматтардың әл-ауқатын арттыру мақсатын көздеп отыр. Бұл міндет 1 маусымнан бастап жалақысы төмен бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру бойынша тапсырмада қамтылған», - деді депутат.

Бұдан бөлек Б. Жұмағұлов 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету өлшемдерін арттыру, отбасыларға арналған атаулы көмек бойынша қоғам тарапынан көптеген сауалдар түсіп жатқанын жеткізді.

«Аталған мәселелердің елеулі әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, біздің кеңес тарапынан қоғамдық бақылау қажет деп санаймыз», - деді Бақытжан Жұмағұлов.

Соңғы жаңалықтар