Елбасына Мемлекеттік қызметтің жағдайы туралы ұлттық баяндама таныстырылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі алғаш рет Мемлекеттік қызметтің жағдайы туралы ұлттық баяндаманы дайындап, оны Мемлекет басшысының назарына ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында агенттік төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова мәлім етті.

«Ұлттық баяндамада мемлекеттік қызметтің жағдайы мен тәуелсіздік жылдарындағы даму кезеңдері, оның болашақтағы даму жолы туралы айтылған. Биыл Ұлттық баяндама тұңғыш рет Мемлекет басшысының қарауына ұсынылып, мақұлдауға ие болды», - деді спикер.

Айгүл Шайымованың айтуынша, Ұлт жоспары жүзеге асырыла бастаған уақыттан бері қызметтегі мансап сатысымен өсіп келе жатқан мемлекеттік қызметшілер саны 4 есе өскен.

Жүргізілген әлеуметтік сауалнамалардың нәтижелеріне сүйенсек, респонденттердің 77 пайызынан астамы кадрлық шешімдер шығаруда меритократияға сенетіндерін айтқан. Ал 2011 жылы бұл көрсеткіш 39 пайызды құраған.

Ауқымды алдын алу жұмыстарының нәтижесінде әдеп нормаларын бұзғандардың өткен жылғы көрсеткіштері 2015 жылмен салыстырғанда 43 пайызға азайған.

«Сарапшылардың пікірі бойынша, қазіргі  қазақстандық мемлекеттік қызмет халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Тіпті кейбір жерлерде оның басымдығы да бар», - дейді Айгүл Шайымова.

Соңғы жаңалықтар