Елбасына «Құрметті Сенатор» мәртебесінің берілуі Парламенттің абыройын асырады - Әли Бектаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті Сенатор» мәртебесін беру ұсынысына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті Сенатор» мәртебесін беру заманауи Қазақстанның негізін қалаушы, қос палаталы Қазақстан парламентаризмінің негізін салған және оның дамуына теңдессіз үлес қосқан, еліміздің бірлігі мен ынтымағын қамтамасыз ете отырып, стратегиялық даму бағдарын айқындаған ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың сіңірген тарихи еңбегін мойындаудың тағы да бір белгісі болып табылады. Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары өте қиын өтпелі кезеңнен өтті. Қазақстанның дербес мемлекет болып кететініне күмән келтіргендер де аз болған жоқ. Заманауи мемлекет құрудың бар ауыртпашылығын да, жауапкершілігін де өз мойнына алған Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Сол кездегі басынан өткен қиындықтарды тек Елбасының өзі ғана біледі. Қаншама саяси текетірестер, экономикалық қарама-қайшылықтар болып жатты. Аяқтан шалу мен кедергілер де аз болған жоқ. Соның барлығына төтеп берген де, қиыннан қиыстыра жол тапқан да Қазақстанның Тұңғыш Президенті еді», - деді сенатор Парламент Сенатының жалпы отырысында.

Сонымен қатар ол СССР-ден бөлінген тәуелсіз мемлекетттер арасында жалғыз Қазақстан ғана өзінің шекарасын халықаралық деңгейде толық заңдастырып алғанын атап өтті. Орталық Азия елдерінен бөлек, көршілес Ресей арасындағы 7 800 шақырым, Қытай Халық Республикасымен арадағы 1 800 шақырым шекараның бекітілуін қазақ халқы үшін, Тәуелсіз Қазақстан үшін баға жетпес тарихи жеңіс деп те айтуға болады. Бұның барлығы Елбасының үлкен ерік-жігері мен дипломатиялық көрегендігінің, көрші елдер басшыларымен жасаған адами қарым-қатынасының, достық қасиетінің арқасы.

«Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаевтың - бүкіл әлем мойындаған қайраткер екендігіне ешкімнің күмәні жоқ. Алпауыт мемлекеттер басшыларының біздің Елбасын, алақандарына салып, төбесіне көтеруі бүкіл қазақ халқына, тәуелсіз Қазақстанға көрсетілген құрмет деп есептеуіміз керек», - деді Әли Бектаев.

«Сондықтан да Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа күллі әлем бас иіп, құрмет көрсетіп отырғанда біздің бүгінгі қабылдайтын шешіміміз теңізге тамған тамшыдай ғана екендігі анық. Бірақ Елбасыға «Құрметті Сенатор» мәртебесінің берілуі ҚР Парламенті Сенатының абыройын асырып, біздің барлығымызға, Сенат депутаттарына қосымша жауапкершілік жүктейтіні даусыз», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті Сенатор» мәртебесі берілді.

Соңғы жаңалықтар