Елбасына берген уәде: Юлия Дробязко қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, бала тәрбиелеуде

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -Шымкент қаласында «Әлеуметтік бес бастама - бейбіт өркендеу мен қоғамдық келісімнің кепілі» тақырыбында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХI сессиясы өтті. Онда 2005 жылы Елбасының алдында сөйлеген сөзінде қазақ азаматына тұрмысқа шығуға уәде берген Юлия Дробязко сөз алып, бүгінгі өмірі туралы айтты. Сондай-ақ ол «Қазақтану» жобасына қолдау білдіретінін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сессия жұмысына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Жансейіт Түймебаев, этномәдени бірлестіктер төрағалары мен мүшелері, қала-аудан әкімдері мен облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.

Аймақ басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүктеген бірқатар міндет-мақсаттардың облыста жүзеге асырылу барысына тоқталды.

«Бүгінгі Ассамблея - миллиондаған қазақстандықты ортақ мақсатқа жұмылдырған, асқақ арманға жетелеген, бір мүддеге тоғыстырған алып күш. Адам тағдыры Отанымен тамырлас келеді. Еліміздің гүлденгені әрбіріміздің мерейіміз. Бүгінгі сессияда Елбасының бес әлеуметтік бастамасын облыста іске асырылуы сараланады. Бұл байыпты бастамалар - әлеуметтік мемлекет құруды көздейді. Ол әрбірімізге әлеуметтік жауапкершілік жүктеп, ауызбірлігімізді одан әрі бекемдеуге жетелейді. Қазақстандықтар Тәуелсіздік берген толағай табыстарға куә. Осы жылдардағы басты жетістігіміз - биыл 20 жылдығы аталып өтілетін еңселі Елордамыз. Ұлыстың ұйытқысы, салт-сананың арқау ордасы болып танылған Оңтүстік өңірі де осы кезең ішінде белді белестерді бағындырып, толайым табыстарға жетті. Алтын құрсақты аймақ тұрғындырының саны тәуелсіздік жылдарында миллионға артса, шырайлы Шымкентіміз миллиондық белесті бағындырды»,-деді облыс әкімі.

Ассамблеяның ХХVI сессиясында көтерілген «Қазақтану» жобасына қатысты «Цеснабанк» АҚ қызметкері және қазақ келіні Юлия Дробязко өз пікірін білдірді.

«Мен, Юлия Дробязко. Жүрегім кең-байтақ қазақ даласын Отаным деп білетін орыс қызымын. Бүгінде берекелі қазақ отбасының түтінін түтетіп отырған инабатты келін әрі 2 баланың ардақты анасымын. 2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облысқа жасаған сапары аясында облыс жастарымен жүздесті. Аталған жиында Президенттің жанында сөз сөйлеу құрметіне ие болдым. Бүкіл ел алдында Елбасыға болашақта қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, қазақтың санын көбейтуге уәде бердім. Президенттің алдында сөз сөйлеп, уәде беру үлкен мәртебе әрі жауапкершілік болса, оны орындау мен үшін мерейлі міндет деп білдім. Міне, бүгінде сол уәдемде тұрып, қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Жолдасым - қазақ. Балаларым қазақ. Өзім де қазақ боп кеткенмін. Құрметті Жансейіт Қансейітұлы, биылғы Ассамблеяның жиырма алтыншы сессиясында оңтүстік атынан сөз сөйлеген Наталья Романова онда бірқатар мәселелерді айтып, Елбасы алдында қазақтану мәселесін көтерген болатын. Мен өзім бұл ұсынысқа толыққанды келісемін және қолдаймын және қазақтану бойынша арнайы бағдарлама қабылданса деген ойым бар»,-деді Юлия Дробязко.

Сессия барысында облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясаттың іске асуына қосқан елеулі үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен облыстық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак пен облыстық грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы Заал Бочорашвили марапатталды.

Елбасы айқындаған Бес әлеуметтік бастаманы батыл іске асыруды айтқан облыс әкімі сессияны қорытындылап, облыстық басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, әкім этностық топтар жинақы тұратын Сайрам, Мақтарал, Сарыағаш, Төлеби аудандары мен Түркістан қаласында бизнестің әлеуметтік жауапкершілгі аясында «Достық» үйлерін ашуды тапсырды.

 

Соңғы жаңалықтар