Елбасы Жолдауы әлеуетті көтеруге бағытталған серпінді қадам - Гауһар Алдамбергенова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауы жетістікке жету жолын табу үшін нендей жұмыстар істелуі қажеттігін айқындау жолындағы маңызды әрі айтулы қадам.

Мұндай пікірді Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гаухар Алдамбергенова білдірген болатын. ҚазАқпарат оқырмандарының назарына Гаухар Төремұратқызының Жолдауға қатысы пікір-пайымын ұсынады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауы жетістікке жету жолын табу үшін нендей жұмыстар істелуі қажеттігін айқындау жолындағы маңызды әрі айтулы қадам. Елбасы жариялаған басымдықтар мен міндеттер Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық және технологиялық тұрғыда жаңғыртудың логикалық жалғасы іспеттес. Еліміз егемендік жылдарында үнемі жаһандық жаңа үрдістерді қолдап келеді. Мақсат - айқын. Халықтың әл-ауқаты мен тұрмыстық әлеуетін арттыру. Биылғы Жолдауды әсіресе, еліміздегі ұстаздар қауымы зор қуанышпен қарсы алды.

Елбасы маңызды құжаттың «Тұрмыс сапасын арттыру» атты екінші басымдығында жоғары білім беруге қатысты, педагог мәртебесі жайында бірқатар маңызды міндеттерді атап өтті. Атап айтқанда, 2019 жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылданады. Бұл - қазақстандық ұстаздар қауымының қоғамдағы беделін арттырып, орнын айшықтауға зор қадам болмақ.

Бұл туралы Мемлекет басшысы: «Келесі жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылдау керек деп есептеймін. Ол заң мұғалімдерді және мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлерін ынталандыратын барлық тетіктерді қарастыруы керек. Жүктемені қысқартып, қызметтен тыс тексерістерден арылту керек. Тыңдаңыздар, мұғалімдерге бүгінгі таңда барлық жұмыс жүктеле береді. Сайлауды өткізетін - мұғалімдер, үгіт-насихатты жүргізетін - мұғалімдер, бір шаруаны атқару керек болса - мұғалімдер... Ол үшін ешкім де оларға ақша төлеп жатқан жоқ. Оларды бұл жүктемеден арылту керек. Олар сабаққа дайындалып, тиісті уақытында жұмыс істеуі керек. Тынымсыз тексерістер де бітпейді. Міне, заң осыларды тоқтату үшін керек», - деді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы нарықта тек жоғары білім бере алатын жоғары оқу орындары қалу керектігін баса айтты. Расында да білікті, білімді кадрлар дайындауда және ғылыми жұмыстар жүйесінде университеттер үлкен маңызды рөл атқарады. Осыған орай отандық жоғары оқу орындары оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне басты назар аударып, әлемдік жетекші университеттердің сыннан өткен тәжірибесін пайдалануы тиіс деп ойлаймын. Бұл - қазақстандық жоғары білім беру жүйесін заман ағымына сәйкестендіруге негіз болады.
Білім беру саласының қызметкері ретінде бізді Жолдауда маман даярлау сапасын арттыра түсуге айрықша көңіл бөлінгені де қанаттандырды. Иә, қазір аз да болса сапалы әрі сауатты маман даярлайтын уақыт келді. Бұл баяғы бір кездердегідей оқу орындарының топырлатып түлек шығаратын үрдісінің күні өтіп бара жатқанын байқатады. Мұның бәрі жаңаша ойлауға жатады. Ал жаңаша ойлау - қоғам санасының жаңғыруына басты тетік.

Жолдаудың білімге қатысты құрмет көрсетуді үндейтін тармағынан туған ойлар бізді осындай тұжырымдарға жетелейді. Түптеп келгенде, сапалы білім - біздің жоғары оқу орындары мен мамандардың бәсекеге қабілеттігін арттырып, олардың осы саладағы іс-әрекеттеріне демеу болады.

Бұл тұрғыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті білім мен ғылымды дамытуды, қыздарға педагогикалық білім беруді және белсенді азаматтық ұстанымды басты мақсат етіп келе жатқан оқу орны екендігін айтқым келеді. Университет ұжымы Жолдауда көрсетілген міндеттерді саралап, тың ойлары мен идеяларын жүзеге асыруға ниетті. Бұл тарапта арнайы кешенді жоспар қабылданады. Ол Президент тапсырмаларының орындалуын, оқу орнында жайлы орта қалыптастыруын және оқытушылардың кәсіби деңгейін анықтауды қамтамасыз ететін болады.

Мемлекет басшысы ұсынған Жолдау Қазақстан дамуының жаңа бағытын көздейді. Маңызды құжаттағы басымдықтар мен міндеттер Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және технологиялық тұрғыда жаңғыртудың логикалық жалғасы іспеттес. Және ол ел дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді даму стратегиясына сәйкес келеді. Сонымен қатар, Жолдау Қазақстанның әлемдегі технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістерге бейімделуіне сеп болады.

Соңғы жаңалықтар