Елбасы Жаңа Жібек жолы жайлы: Саудамен бірге 60 елдің өзара сенімі беки түседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуі» жобасы мемлекеттерге қаншалықты пайда әкелетінін айтып берді. Елбасының осыған қатысты шағын сұхбаты ҚР Президенті Телерадиокешенінің Фейсбуктегі парақшасында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бейжіңде Қытай үкіметі ұйымдастырған «Бір белдеу, бір жол» атты екінші форум басталды. Ал, біз, әзірше сіздердің назарларыңызға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа Жібек жолы» туралы айтқан мұрағаттық бейнені ұсынамыз», - делінген жазбада.

«Жібек жолының экономикалық белдеуі» Еуропа мен Азия елдерінің тарихи байланысты жаңғыртқалы отыр. Қазақстан осы байланыстың әрдайым ортасында тұр. Осындай көптеген жолдар Қазақстан арқылы өткен. Парсы немесе Ауғанстан, Каспий, Ресей арқылы Қазақстанды басып өткен жолдар көп. Осы себепті, біз үшін бұл өте маңызды», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының айтуына қарағанда, аталмыш белдеу өз жолындағы көптеген елдерді қамтығалы отыр.

«Атауының өзі де - экономикалық белдеу. Дәл осы бағдардың бойында экономика дамып, халықтар бір-бірімен тілдесіп, сауда-саттық өркендейтін болады. Қай жағынан - саяси немесе экономикалық, инфрақұрылымдық жағынан алып қарасаңыз да, бұның маңызы өте зор. «Жібек жолы белдеуі» идеясы мен біздің «Нұрлы жол» бағдарламасының синергиясы бар. Олар бірін-бірі толықтырады. Қазіргі таңда «Қорғас» - Шығыс қақпасы салынып жатыр. Бұл - Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірлескен жобасы. Бұл - өз өнеркәсібімізді дамыта отырып, инфрақұрылымды жетілдіретін өте үлкен сауда орталығы», - дейді ҚР Тұңғыш Президенті.

Н.Назарбаев Қазақстан өз кезегінде Жезқазғаннан Каспийге дейінгі 1200 шақырымдық теміржол құрылысын аяқтағанын және бұл Қытайдан Каспий теңізіне дейін тіке жол екенін атап өтті.

«Одан бөлек, Батыс Қытай - Батыс Еуропа автокөлік жолы бүкіл Қазақстанды басып өтеді. Өзіңіз қараңыз, Қытайдың шекарасынан бастап Қазақстан арқылы барлық коммуникацияның түрі өтеді. Осы көліктік байланыстың жолында тұратындардың барлығы да - үлкен пайдаға кенеледі. Жаңадан станциялар бой көтеріп, адамдар жұмысқа ие болады. Өндіріс дамиды, көлік саласындағы қызмет көрсету жолға қойылып, қонақ үйлер салынады. Бір сөзбен айтқанда, далада тіршілік жанданады», - дейді ол.

Сондай-ақ Елбасы Қазақстан арқылы Ресейге, одан ары Еуропаға баратын жолдың, Қазақстан арқылы Каспийге, Кавказға, Парсы елдеріне баратын жолдардың жайын атап өтті.

«Осылайша, біз Парсы шығанағының портына шыққалы отырмыз. ҚХР да дәл осындай сипатта жұмыс жүргізіп, Шығыс және Батыс қақпасын дамытуда. Каспий теңізінде Ақтау порты бар десек, сол теңіз арқылы Иранмен сауда-саттық жасау мүмкіндігі бар. Кавказ арқылы Қара теңізбен Еуропаға да жол ашылады. Жібек жолының Батыс қақпасы деген осы. Сондықтан, Жібек жолы белдеуі бағдарламасы мен біздің «Нұрлы жол» бағдарламасының пайдасы мен жанасу жайы өте маңызды. Бұл тек қана жол емес - электр желілері, тұрғын үй құрылысы, әртүрлі кәсіпорындардың құрылысы. Осының бәрі біздің елдердің арасындағы тауар айналымын арттырады. Осы белдеу қателеспесем, 60 ел арқылы өтеді. Байланыс орнатылғаннан кейін бәрі де тұрақтылыққа ден қояры даусыз. Демек, достық пен сенім беки түседі», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Еске сала кетсек, биылғы 20 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың Қазақстандағы Елшісі Чжан Сяомен кездескен болатын. Кездесу барысында шетелдік дипломат Елбасына ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің 25 сәуірде Бейжің қаласында өтетін «Бір белдеу, бір жол» атты ІІ халықаралық ынтымақтастық форумына шақыруын жеткізген еді.

Соңғы жаңалықтар