Елбасы: Ядролық қару террористер қолына түспеуі үшін әлем елдері таратпау процесіне жаппай қатысуы керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ядролық қару террористер қолына түспеуі үшін әлем елдері ядролық қаруды таратпау процесіне жаппай қатысуы керек.

 Бүгін Астанада өтіп жатқан «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференция барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осындай мәселе көтерді.

«ХХІ ғасырда адамзат үшін Жер шарындағы жинақталған Ядролық қарудың саны ғана емес, оның болуының өзі жаһандық қауіпсіздіктің асқынған сын қатері болып табылады. Оның халықаралық террористердің қолына түсу ықтималдығы одан да қауіптірек. Бұл барлық әлем елдерінің ядролық қаруды таратпау процесіне жаппай қатысуы үшін маңызды дәлел. Ядролық қаруды таратпау ісінің табысты болуы  немесе оның сәтсіздігі әлемдік қоғамдастықтың милитаризм сарқыншақтарын еңсерудегі мүмкіндігімен тікелей байланысты», - деді Н. Назарбаев.

Президент бұл ретте қазіргі күні соғыс блоктарын өткенге қалдыру керектігін атап өтті. Елбасының пікірінше, олардың болуы арандатушылық пен мағынасыздыққа соқтырады. «Біз екі ядролық алып мемлекет қақтығысқан кезеңде одан шет қалдық. Ал бүгін қайтадан соның алдында тұрғандаймыз. Мен бүкіләлемдік соғысқа қатысты өз көзқарасымды «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде баяндадым. Мен осы арқылы Жер шарын ядролық қатерден жойылу қаупін  азайтуды көздедім», - деді Елбасы.  

Соңғы жаңалықтар