Елбасы ұсынған жобалардың іске асуын бақылайтын нақты механизмдер керек - сарапшы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында жаңа көркем және деректі фильмдер түсіру, ғылыми-танымдық әдебиеттерді басып шығару - сөзсіз қазақстандықтардың отандық тарихқа деген қызығушылығын арттырады. ҚР Тұңғыш Президенті жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Радик Темірғалиев тың жобаларға қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы атап отырған жаңа жобалар сөзсіз тарих ғылымының дамуына мұрындық болып, қазақстандықтардың арасында тарих іліміне деген қызығушылықты арттырады. Қытай, Иран, Түркия, Ресей мен тағы басқа елдерде зерттеушілер мен тарихшылардың қолы тимеген тарихи мағлұматтар әлі де сақтаулы. Олардың бәрін де ғылыми айналымға енгізу отандық тарихты терең түсінуге сеп болары хақ», - дейді сарапшы.

Радик Темірғалиевтың айтуына қарағанда, Қазақстанға мұндай тарихи әрі құнды құжаттарды әкеп қана қоймай, қай зерттеуші қандай еңбек жасағанын паш ету үшін құжаттардың электронды көшірмелерін ашық күйде жариялау керек.

«Ашықтық бұрынғы бағдарламалар мен жобаларда кездескен қателіктерден бой алыстатуға көмектеседі. Жаңа көркем және деректі фильмдер түсіру, ғылыми-танымдық әдебиеттерді басып шығару, сөзсіз қазақстандықтардың отандық тарихқа деген қызығушылығын арттырады. Бұл жобаларды жүзеге асыруда сапаны бақылайтын механизмдерді қарастыру керек. Бұл шаралар Мемлекет басшысының жаңа мақаласындағы идеяларының беделін түсіруге жол бермесі анық», - дейді сарапшы.

Еске сала кетсек, 21 қараша күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар