Елбасы ұстаз беделін арттыру мәселесін ұдайы көтеріп келеді - мұғалім

None
None
  АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының әр Жолдауында ұстаздарға қатысты маңызды мәселелер сөз болады. Бұл ұсыныстардың барлығы мұғалім беделін арттыруға бағытталған. Осындай ойымен Алматыдағы Мұқағали Мақатаев атындағы № 140 мектеп-гимназиясы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сапура Темурбаева бөлісті.

Ұстаз Елбасының Жолдауын үлкен тебіреніспен тыңдағанын жеткізді.

«Елбасының бүгінгі Жолдауында өзекті мәселелер айтылды.  Әсіресе, педагогтардың біліктілігін арттыруға қатысты көзқарасты өзгерту жайында сөз қозғалды. Елбасы Қазақстанның болашағы қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген жастарда екенін атап өтті. Бұл істі қазір ҚР БҒМ жақсы жүзеге асырып жатыр. Мектептерде орыс, қазақ, ағылшын тілдерін оқыту мәселесі қолға алынды. Нәтижесі ойдағыдай болады деген үміттеміз. Жалпы, терминдерді қазақ тіліне аудару мәселесінде де халықаралық заңдылықтарды  ескеру керектігі айтылды», - дейді С.Темурбаева.

Оның айтуынша, білім саласына Елбасы тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. 

Айта кету керек, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Қазақстан халқына Жолдауын жария етті.

Стратегиялық құжат еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналған.

 

Соңғы жаңалықтар