Елбасы туралы заңның күшін жою бюджеттен қосымша қаржыны талап етпейді - Ерлан Саиров

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елбасы туралы заңның күшін жоюға қатысты көпшіліктің сұранысын ескере отырып, тиісті заң жобасы дайындылды. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Назарларыңызға «ҚР Бірінші Президенті - Елбасы статусы» жөніндегі Конституциялық заңның күшін жою жөніндегі Конституциялық заң жобасы ұсынылып отыр. Былтыр бүкілхалықтық референдум нәтижесінде елімізде жаңа Конституция қабылданды. Жаңа Конституцияны жақтап Қазақстан халқының 77 пайыздан астамы дауыс берді. Конституциялық реформа - елімізде билік тармақтары институттарын нығайтып, қоғамда демократияны қалыптастырудағы Тәуелсіз 30-жылдың ішіндегі ірі қадам, прогрессивті бағыт-бағдар. Ата Заңға енгізілген өзгертулерге сәйкес, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады деген норманы көздейтін Конституцияның 46-бабы 4-тармағы алынып тасталды», - деді Е. Саиров.

Оның пайымынша, Қазақстанның демократия мен плюрализмге бет алып, терең саяси трансформация жасау кезеңінде, жеке топтардың билікті меншіктеуге жетелейтін қандай да бір тетіктерге жол бермеу маңызды. Сондықтан Қазақстан Республикасы Мәжілісінің бір топ депутаты халықтың басым көпшілігінің сұранысын ескере отырып, аталған заң жобасын ұсынды.

«Өз кезегінде «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы аталған мәселеге қатысты Конституциялық Сотқа жүгінді. Конституциялық Сот «Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті - Елбасы статусы» жөніндегі Заңның еліміздің жаңа Ата Заңына сәйкес келмейтіндігі жөнінде шешім қабылдады.

Жоғарыда айтылғанды басшылыққа алып, саяси-құқықтық негіз жоқ екендігін ескере отырып, «Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті - Елбасы статусы» жөніндегі Конституциялық Заңның күшін жою жөніндегі Конституциялық құжат жобасы ұсынылды. Бұл заңның қабылдануы теріс құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарға әкелмейді, бюджеттен қосымша қаржыны талап етпейді», - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Конституциялық сот 10 қаңтарда Конституцияның 62-бабының 4-тармағын ресми түсіндіру туралы № 2 нормативтік қаулысын шығарды.

Осы орайда Елбасы туралы заңның Қазақстанда қолданыста қалуына құқықтық негіз жоқ екенін атап өтілді.


Соңғы жаңалықтар