Елбасы туралы «Qazaq. Алтын адам тарихы» фильмі - тағлымды туынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы «Qazaq. Алтын адам тарихы» фильмінің жарыққа шығып, бүгінде дүниежүзі жұртшылығына таралуы еліміздің өмірінде ғана емес, халықаралық ауқымдағы елеулі, тағлымды оқиға. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан аталмыш фильм жайлы осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл өнер туындысының бір ерекшелігі – оны әлемге әйгілі режиссер, «Оскар» сыйлықтарының бірнеше дүркін иесі, батыс киноиндустриясының өкілі Оливер Стоун сынды беделді тұлғаның өз қалауымен, өз ниетімен, тікелей қатысуымен өте жоғары деңгейде түсірілгені. Сондықтан болар, қазір бұл шығарма бірқатар халықаралық фестивальдерге қатысуға ұсынылған.

Фильмнің басты кейіпкері Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы еркін, бейресми ахуалда жалғасатын кең ауқымды, көп жағдайда тарих қойнауларымен астарласып кететін терең сұхбатында Алтай мен Атырау, Алатау мен Арқа арасында көсіліп жатқан кең байтақ қазақ даласында Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің құрылуы мен дамуының мол шежіресімен бөліседі.

Осындай ұлы, күрделі де қастерлі кезеңнің әрбір қас-қағым сәтін бойынан, жүрегінен өткізген жан ретінде әңгіме иесінің бүгінгі егемен еліміз - сан ғасырлар көлемінде байырғы қазақ жерін мекендеген біртұтас халықтың, адамзат ғұмырнамасында мәңгілік іздері қалған іргелі мемлекеттердің заңды мұрагері екендігін тайға таңба басқандай тарқатуы, дәл қазіргі уақытта өте маңызды.

Бұл тұрғыда фильмнің атауының, яғни Алтын адам тарихының алынуы барынша ұтымды шыққанын айтар едім.

Расында, мен өзім халықаралық қатынастар саласының маманы, қызмет бабымен көптеген шет мемлекеттерде, соның ішінде еуропалық елдерде ұзақ мерзім болған адам ретінде ондағы жұртшылықты бүгінгінің жаңалықтарымен таң қалдыру қиын екендігін жақсы білемін.

Техногендік тұрғыдан дамудың биігіне жеткен қоғамдардың ендігі жан-дүниелік, ой-саналық, рухани қанағатшылықты ұмыт бола бастаған өткен кезеңдерден, белгілі бір себептермен өздері сезіне алмаған, бәлкім мүлде айырылған құндылықтардан іздеу үдерісі байқалады.

Сондықтан Елбасы туралы фильм барша адамзаттың болмысына тікелей ықпалын тигізген біздің бабаларымыздан бастау алатын, негізгі құндылықтары әлі де айқын сақталып келе жатқан көшпелі ұлы өркениет пен қазіргі заман арасындағы ажырамас арқауды бейнелейтін ерекше туынды екендігіне күмән жоқ.

Фильмнің музыкасына өзіміздің төл ұлттық аспаптарымыздың ешқашан көмескіленбейтін қайталанбас ғажап әуендері алынуы да тегін емес.

Қандай ел болмасын, өткенді құрметтеп, бүгінгіні бағамдай алмаса, ертеңгі болашағына сенімді қадам баса алмайды.

Қисапсыз сынақтардан - Ақтабан шұбырынды жаугершілік замандар, отарлық кезең, тамырсыз төңкеріс, зұлмат аштық пен соғыс, туған жеріміздің өзегін тітіренткен алапат ядролық сынақтар, өзен-теңіздердің жойылуы, ана тілімізге, ұлттық болмысымызға жасалған ауыр қиянаттарды басынан өткерген қасиетті халқымыздың Тәуелсіздікке жетуі қаншалықты қиын болса, оның туын құлатпай, тұғырын нығайту да аса жауапты парыз.

Тұңғыш Президентіміз ертеңге деген елдің үмітін оятып, сенімін ақтау үшін жан аямай жұмыс істегені, өтпелі, тапшылық жылдардағы қарсылықтарға қарамастан Сарыарқа төсінде жаңа елордамыздың шаңырағын тігіп, халықтың әл-ауқатын арттыруды өмірінің басты қағидасы ретінде таңдап алғаны, әрине, мұндай ауқымды әрі күтуге келмейтін қысталаң шақтарда қателіктердің орын алатыны жөнінде де бүкпесіз баяндайды.

«Өз тарихы туралы шындықты айта алмаған халық мәңгілік құлдықта өтеді», - деген асылтекті Алаш зиялыларының пікіріне сүйенсек, осынау «Qazaq. Алтын адам тарихы» фильмі арқылы біздер еліміздің өткеніне тағы бір мәрте қайта оралып, болашағына бағдар алдық деп санаймын.

Фильмнің басты мотиві деп мен жеке көрермен ретінде осынау толқынысты күйді бүкіл тұла бойыммен сезіндім, айрықша әсерге бөлендім.

Қараңызшы, тағдыр бізге ұшы-қиыры жоқ дархан даламызды бергеніне мың мәрте тәуба ете отырып, сонымен бірге айналамызда іргелі, ықпалды мемлекеттермен көрші екеніміз аян. Демек, Елбасы негізін қалаған сындарлы сыртқы саясатымыздың арқасында көрші елдермен стратегиялық әріптестік қарым-қатынастардың орнатылуының маңыздылығы қаншалық орасан.

Мұның барлығы елдің ішіндегі өзгерістер үшін қолайлы жағдай жасау, тұрғындардың өмірінің алаңсыз болуы мүддесіне бағытталғаны ақиқат.

Фильм режиссері бір сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев дәуірдің қабілетті де талантты басшылары арасында болашақты алыстан болжайтын сирек қабілетімен және қарымды күш-жігерімен дараланатыны, ол мемлекеттік жүйені түбегейлі өзгерту үшін ғана емес, алып Еуразия кеңістігінде кеше ғана тоталитарлық жүйе қыспағынан шыққан, ойлау, шешім қабылдау, өз бетінше әрекет ету еркіндігінен айырылған, ал ендігі оның бәрін қысқа мерзім арасында еңсеріп, демократия дәстүрлері мен жоғары адамгершілік құндылықтар орнаған байыпты қоғам орнату үшін де дамылсыз еңбектенген бірегей тұлға екенін, анығы, сол үшін де өз туындысының кейіпкері ретінде таңдағаны туралы ашығынан мәлімдеген еді.

Сондықтан бүгінгі біздердің, келешек ұрпақтардың алдында қастерлі Ата мекеніміз – Қазақстанды бүкіл әлем мойындайтын, жаһан жұртшылығы танитын, әрі құрметтейтін мемлекет ретінде сақтап дамытудың абыройлы парызы тұр.

Олай болса, осындай сындарлы, жауапты кезеңде еліміздің атқарушылық, заңнамалық, сот билігі тәрізді барлық бұтақтары, барша Қазақстан халқы «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жүргізіп келе жатқан сындарлы саясатын бір кісідей қолдай отырып, ежелден жақсылыққа жаны құмар, пейілі дархан даласындай, Димаштың асқақ дауысындай, парасаты биік Алаш жұртының ұлттық жаңғыруы, әлеуметтік, рухани өрлеуімен бір арнада келешек ғасырларға қарышты қадам баса беретіндігі кәміл!


Соңғы жаңалықтар