Елбасы тапсырмасына сай 1 млн қазақстандық газбен қамтамасыз етіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда халықты газдандыру деңгейі 49,7 пайызға жетті. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда газды шамамен 9 миллион адам тұтынып отыр. Жыл сайын газдандыруға бөлінетін қаражат көлемі ұлғайып келе жатқанын атап өту керек. 2019-2021 жылдар кезеңінде газдандыруға арналған қаражат өңірлерді дамыту, «Нұрлы жер», сондай-ақ ағымдағы жылғы 27 ақпанда «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берілген Елбасының жеке тапсырмаларының шеңберіндегі бағдарламаларда көзделген. Еліміздің 13 өңірінде осы кезеңде 100-ден астам жоба іске асырылатын болады», - деді министр.

Қанат Бозымбаев атап өткендей, Елбасы тапсырмаларын іске асыру шеңберінде аталмыш жобалар 1 млн астам тұрғынды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетсек, кеше халыққа есеп беру кездесуінде Қанат Бозымбаев жоғарыда аталған жобалар туралы айтып берген еді.

«Сарыарқа газ құбыры кестеге сәйкес салынып жатыр. Қазіргі уақытта Жезқазған қаласына жақын жерде дәнекерлеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге шамамен 420 км құбыр дәнекерленді. Бұл жалпы газ құбырының 40 пайызын құрайды», - деді Қанат Бозымбаев.

Бас энергетик елордамен бірге, бірінші кезеңде Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев, Саран, Шахтинск қалаларының 171 елді мекені газбен жабдықталатынын жеткізді.

«Аталмыш елді мекендердің 142 мың тұрғыны газға қол жеткізеді. Жалпы, жыл соңына дейін елдің газдандыру деңгейін 50%-дан асыру көзделіп отыр», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар