Елбасы тапсырмасымен Оралда үш бірдей студенттік жатақхана салынады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  -  Елбасы тапсырмасына сәйкес Оралда үш бірдей студенттік жатақхана салынады. Бұл туралы «Қазақстан мемлекеттік-жекешелік әріптестігі орталығы» өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Матаев қатысқан жиында студенттік жатақханаларды мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы салумен қатар бітпеген немесе дайын ғимараттарды пайдалана отырып, қайта бейімдеу мәселелері талқыланды.

Президенттің бес әлеуметтік тапсырмасы аясында 2022 жылға дейін елімізде 75 мың студентті қамту міндеті қойылғаны мәлім. Бұл оңай емес, сондықтан мәселені тиімді шешу үшін барлық мүдделі ұйымдардың басын біріктіру қажет.

Батыс Қазақстан облысында университеттер мен колледждерде оқитын 1800 студент жатақхананы қажетсінеді.

«Бұл - қаладағы өзекті мәселелердің бірі. Көптеген студенттердің пәтер жалдап, тұрып жатқаны белгілі. Сондықтан кәсіпкерлермен түсінік жұмыстарын жүргізіп, мұны мемлекеттік-жекешелік әріптестік  әдісімен шешу жолдарын іздестірудеміз», деді Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев.null 

«Қазақстан мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Матаевтың айтуынша, жаңа жатақханалар салу қымбатқа түседі әрі уақыт кетеді. Сол себепті банктерде кепілде немесе бос тұрған ғимараттарды пайдаланған әрі тез, әрі арзан болар еді. Тек мұндай нысандарды бітіру немесе қайта құру қажет.

«Қазақстан мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ қызметкерлері Оралдың өзінде студенттік жатақханаға келетін «Золотой век», «Golden Palace» мейрамханалары және басқа әкімшілік ғимараттар бар екендігін жеткізді. Бұл мақсатқа 2019 жылға республикалық бюджеттен 1,47 млрд теңге бөлінген.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Сандуғаш Айтқалиеваның сөзіне қарағанда, өңірде үш жатақхананың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалуда. 150 және 500 орындық екі жатақхана Оралда, 150 орындық тағы біреуі Ақсай қаласында бой көтермекші. Облыс орталығында 500 орындық тағы бір жатақхана салу ойластырылуда. Облыста төрт колледж бен бір университетте жатақханаға мұқтаждық бар.

«Қазақстан мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ бас кеңесшісі Айгүл Садықова студенттік үйдің қажетті инфрақұрылымы, жан-жақты жағдайы болуы керектігін жеткізді. Мұнда студент жастардың сапалы білім алып, оқуға әзірленуі үшін бәрі болуы қажет. Биылғы 2 қазаннан бастап мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жобаларды жүзеге асыру бағытында мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру ережесі ресми күшіне енді. Бұл мәселені студенттік жатақханалар салу, екіншіден, ғимараттарды қайта құру, үшіншіден, бұрыннан бар жатақханаларды жаңғырту жолымен шешуге болады. Бұған кәсіпкерлер мен екінші деңгейлі банктердің белсенді араласқаны аса маңызды.

Соңғы жаңалықтар