Елбасы тапсырмасы: Қостанайда коммуналдық қызмет құны төмендеді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысы әкімдігінде Архимед Мұхамбетовтың басшылығымен коммуналдық қызметтер тарифтерін реттеу мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және энергетика басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәурен Асқаров айтқандай, 1 қаңтардан бастап облыстың бірнеше қаласы мен ауданында тарифтер төмендетілді.

«Жылу тарифі 1,5%-дан 14%-ға, ауыз су 3,6%-дан 10%-ға, электр энергиясын тасымалдау 1,1%-дан 8%-ға , су мен кәріз 10%-ға дейін арзандады. Жыл соңына дейін әрбір елдімекен коммуналдық қызметтер тарифін төмендетеді. Бұл туралы келісімшарт әзірленіп жатыр», - деді Дәурен Асқаров.

Облыс бойынша көппәтерлі тұрғын үйді басқару кооперативтерінің жалпы саны - 228. Олардың 65-і коммуналдық төлем бағасын 2018 жыл деңгейінде сақтайды, өйткені аталған кооперативтер былтырдан бастап төмендетілген тарифте қызмет көрсетіп келеді.

Еске салсақ, Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және табиғи монополия қызметтерінің тарифтерін ретке келтіру жөнінде арнайы тапсырма берген болатын.

«Мемлекет басшысы тарифтердің негізсіз көтерілуіне жол бермеуді тапсырған еді. Өйткені, бұл тұрғындардың өмір сүру деңгейіне, кәсіпкерлерге, жалпы бағаларға әсер етпей қоймайды. Тарифті әлі де төмендету жұмыстарын жалғастыру қажет. Мендегі мәлімет бойынша, Лисаков қаласында бір ғана кооператив тарифті түсірді. Бұлай болмайды. Тарифті арзандату туралы өткен жылдың қазан айында тапсырма бердім. Демек, жұмыс сылбыр жүріп жатыр. Бірінші кезекте зейнеткерлер мен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін тариф құнын азайтуды қолға алыңыздар», - деді Архимед Мұхамбетов.

Өңір басшысы коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларында тарифтің реттелуін қадағалауды қала және аудан әкімдеріне тапсырды.

Соңғы жаңалықтар