Елбасы тапсырмасы: Қостанайда 36 мыңға жуық адамның жалақысы өседі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасының тапсырмасына сәйкес Қостанай облысындағы 200-ден астам кәсіпорында 36 мың жұмыскердің жалақысы көтерілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«5 қазанда Қазақстан Президенті халыққа Жолдауын  жариялаған болатын. Елбасының тікелей тапсырмасымен төмен жалаға алатын жұмыскерлердің айлығын 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін өсіру жүктелген еді. Ол бойынша облысымызды жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бюджеттік ұйымдарда, атқарушы билікте қиындық жоқ. Қаражаттың барлығы шешілді. 1 қаңтардан бастап жалақы көтеріледі», - деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов ОКҚ-да өткен брифингте.

Оның айтуынша, аймақтағы жеке кәсіпорындар, ірі компаниялар, орта және шағын бизнес өкілдері Елбасының Жолдауын бүгінгі таңда толық қолдап отыр.

«Мысалы, 200-ден астам кәсіпорында 36 мың жұмыскердің жалақылары өсіп жатыр. Мысалы, 1 қарашадағы көрсеткіш бойынша 180 мекемеде 4500 адамның жалақысы көбейді. 1 желтоқсаннан 337 мекемеде 7600 адамның жалақылары едәуір өсетін болады. Қалған мекемелерде 1 қаңтардан бастап өседі», - деді ол.

Архимед Мұхамбетовтың айтуынша, «Баян сұлу» кондитерлік фабрикасында, «Сарыарка автопром» АҚ-да, «Агромаш холдинг», «Милк» компанияларында төмен жалақы болмағанымен, ол компаниялар Елбасының бастамасын қолдап, қызметкерлерінің жалақыларын 10-20 пайызға көбейтуде.

Еске сала кетсек, аталмыш брифингте Архимед Мұхамбетов Қостанай облысында жыл басынан бері автокөлік құрастыру 15,7 пайызға артқанын айтқан болатын. Оның сөзіне құлақ ассақ, осындай өсіммен Қостанай облысы 2023 жылға қарай жылына 60 мың автокөлік шығаруды көздеп отыр.

Сондай-ақ, аймақ басшысы өңірдегі агроөнеркәсіптік кешен саласына цифрлық технологиялар қалай енгізіп жатқанын айтып берген еді.

 

Соңғы жаңалықтар