Елбасы тапсырмалары мүлтіксіз орындалуы керек - Бақытжан Сағынтаев

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Елбасы тапсырмалары мүлтіксіз орындалуы керек. Бұл туралы бүгін Оралда облыс активі және бизнес өкілдерімен жобалық басқару жүйесі мәселелері бойынша кездесу өткізген ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет басшысының атап өткеніндей, Мемлекет басшысы биылғы мамыр айындағы БҚО-ға жұмыс сапары кезінде бірқатар тапсырмалар жүктегені мәлім.

Осыған орай Үкіметте  жоспар жасалып, бекітілді. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин төрт жиналыс өткізді. Қазір бұлардың бәрі Үкіметтің тұрақты бақылауында.

Жиында Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаев селекторлық байланыс арқылы Елбасы тапсырмаларының қалай орындалып жатқанын баяндап берді.

Біріншіден, өңірде республикалық маңызы бар жолдарды күрделі жөндеу мәселесі бойынша қос тапсырма берілген еді. Бұл орайда Жалпақтал-Қазталов бағытындағы жолды күрделі жөндеу жұмысы басталып, бұған республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Ұзындығы 245 шақырым Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы-Бисен-Сайқын жолын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасайтын жобалық ұйым белгіленді. Барлық қаражат қарастырылды. Сондай-ақ ұзындығы 141 км Подстепный-Федоров-РФ шекарасы жолын қайта жаңарту жұмысын келесі жылы бастап, 2021 жылы аяқтау көзделуде. Бұл мақсатқа 17,3 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттама жасау үшін конкурстық рәсім жүргізілуде.

Екіншіден, ішкі нарыққа мұнай өнімі көлемін ұлғайту мақсатында «Конденсат» АҚ-ны шикізатпен қамту үшін кәсіпорын мұнай тасымалданатын кестеге енгізілді. Кестеге сәйкес шілде  айына 15 мың тонна көлемінде квота бекітілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.

Үшіншіден, қорғаныс өнеркәсібі кешені саласындағы «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы», «Орал «Зенит» зауыты», «Гидроприбор» ҒЗИ сынды кәсіпорындарды мемлекеттік тапсырыстармен қамту бағытында нақты шаралар қабылданды.

Төртіншіден, «Омега» прибор жасау зауытының 100 пайыз акциясын «Орал трансформатор зауытына» сенімгерлік басқаруға беру мәселесі шешілу үстінде.

Бұдан кейін Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов және министрліктер басшылары сөз алып, биылғы алғашқы жартыжылдық қорытындыларына, соның ішінде кейбір көрсеткіштердің кемшін түсіп жатқанына, оларды бірлесіп жою жолдарына тоқталды.

Жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы Батыс Қазақстан облысында атқарылған жұмыстарға оң баға бере отырып, жыл сайын  еліміздің дамуында алға басушылықтарға қол жеткізу үшін өңірлердің де соған сай болуы керектігін атап көрсетті.

«Облыста Елбасы тапсырмасына сәйкес жолдар мен әлеуметтік нысандар салынуда. Агроөнеркәсіп кешенінде қайта өңдеу кәсіпорындары табысқа жетіп келеді. Мұнымен тоқтап қалмай, басқа салаларды да дамыту керек. Мысалы, Қарашығанақ кенішінде өндірістік көрсеткіштер бар, инвестиция құйылуда. Әйтсе де қазақстандық үлес ойдағыдай болмай отыр. Ол 1-2 пайызға емес, одан көбірек неге өспейді.  56 пайыз да аз, 96 пайызға неге жеткізбеске. Қазақстандық үлес көбейсе, жергілікті кәсіпорындар да дамып, тынысы ашылады. Сонымен қатар қазақстандық кадрларды даярлау мәселесін де ұмытпау қажет. Қолынан жұмыс келетін адамдарды оқытып, қажетті салаға қосудың маңызы зор. Цифрландыру, өндіріс орындарын жаңғырту жұмыстарын одан әрі жалғастыру керек», деді Бақытжан Сағынтаев. 

null 

Соңғы жаңалықтар