Елбасы Сұлтан Жиенбаевтың қайтыс болуына байланысты марқұмның жақындарына көңіл айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаев Сұлтан Жиенбаевтың қайтыс болуына байланысты марқұмның туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап, ҚазАқпарат хабарлайды.

Қазақстан Президенті Ұлы Отан соғысының ардагері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаевтың өмірден өтуіне байланысты қайғыға ортақтасып, туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айтты.

«Сұлтан Сүлейменұлы майданда ерлікпен шайқасып, елге оралғаннан соң түрлі жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, білікті басшы және іскер ұйымдастырушы ретінде республикамыздың өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты. Ұзақ жылдар бойы Сауда министрі және Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып, өзі басшылық жасаған салалардың заман талабына сай дамуына көп еңбек сіңірді. Ол құрметті демалысқа шыққаннан кейін де қоғам өмірінен қол үзбей, әрдайым тәуелсіз елімізде халқымыздың ынтымағы мен береке-бірлігінің нығая түсуіне лайықты атсалысты. Елі мен халқын сүйген абзал жанның әрі абыз ақсақалдың есімі мен еңбегін қазақстандықтар ұмытпайды деп ойлаймын», - делінген жеделхатта.

Сұлтан Жиенбаев -  мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, құрметті теміржолшы. 1921 жылы Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетін, Алматыдағы саяси жетекшілердің орынбасарларын дайындайтын курсты бітірген. Алматыдағы «Қазақ мал дайындау» кеңсесінде, одан кейін Қазақстат басқармасында қызмет істейді.

1941 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласында жасақталып жатқан 100-ші дербес қазақ атқыштар бригадасының атқыштар ротасына старшина болып тағайындалады, кейін взвод командирі болады. 100-ші дербес атқыштар бригадасы 1942 жылы қарашада Калинин майданында 39-шы армия құрамында сұрапыл соғысқа кірісіп кетеді, сол ұрыста Сұлтан айрықша ерлік үлгісін көрсетеді. 1944-1950 жылдары Түркістан-Сібір темір жолы жұмысшы жабдықтау басқармасы жүйесінде әр түрлі басшы қызметтерде болды. 1962 жылы Сұлтан Жиенбаев республиканың Сауда министрі болып тағайындалады. Министрлікті басқару барысында 1962-1970 жылдары Сұлтан Сүлейменұлы сауда және көпшілік тамақтандыруды дамыту мен сала қызметін жетілдіруге көп күш-жігерін жұмсайды. 1970 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Ол бұл қызметте 15 жылға жуық еңбек етті. Бұл ретте сауда, жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларымен қоса республиканың Қарулы Күштеріне қамқорлық жасаумен айналысты. 

Ол 1985 жылы Республиканың тарихи және мәдени ескертіштерін қорғау қоғамы Орталық кеңесі президиумының төрағасы болып сайланды және 1988 жылға дейін осы қызметті атқарды. Сұлтан Жиенбаевтың жеке бастамасымен және ғылыми, мәдени және қоғамдық мекемелердің тілектерін ескере отырып, 1992 жылы Дінмұхаммед Қонаев атындағы Халықаралық қор құрылды. Қордың бірінші президенті болып Сұлтан Сүлейменұлы сайланды, қазіргі таңда ол Қордың құрметті президенті болып қызмет атқарады.

Октябрь революциясы, үш Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы және «Құрмет» ордендерімен, екі «Бірінші дәрежелі Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін» медалі, сондай-ақ Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірнеше құрмет грамоталарымен марапатталған.

 

Соңғы жаңалықтар