Елбасы: Спортшыларымыз еліміздің өркендеуіне орасан зор үлес қосуда

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік спорт тарихына біздің жарқын жеңістеріміз алтын әріптермен жазылды. Бүгін ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің 25 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Баршаңызды Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің 25 жылдық мерейтойымен шын жүрегімнен құттықтаймын! Бүгін біздің арамызға Ұлттық Олимпиадалық комитеттер қауымдастығының және Азия Олимпиада кеңесінің президенті Шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабах, сондай-ақ өзге де мәртебелі меймандар келіп отыр. Тойымызға ортақтасып отырған қонақтарымызға Қазақстан жеріне қош келдіңіздер деп айтамыз. 25 жыл бұрын біз Тәуелсіздігімізді жарияладық, сол кезден бастап отандық спорт жылнамасының жаңа парағын аштық, Қазақстанның Олимпиада комитетін құрдық. Өрендеріміз Тәуелсіз Қазақстанның намысын қорғап, Көк байрағамыздың астында өнер көрсете бастады. Содан бері еліміз қысқы және жазғы Олимпиада ойындарына 12 рет қатысып, 67 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Спортшыларымыз дүниежүзілік додаларда ел қоржынына 156 медаль салды. Бұл өте үлкен табыс»,-деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Елбасы Қазақстан Тәуелсіздігінің арқасында спортшылар еш кедергісіз әлемдік жарыстарға барып жатқандығын атап өтті.

«Осылайша, спортшыларымыз еліміздің өркендеуіне орасан зор үлес қосып келе жатыр. Дүниежүзілік спорт тарихына біздің жарқын жеңістеріміз алтын әріптермен жазылды. Сонымен қатар өз жеріміздегі байрақты бәсекелер арқылы әлемдік деңгейде танылдық. Қазақстан 2011 жылы қысқы Азиаданы, жақында қысқы Универсиаданы табысты өткізгенін білесіздер. Көптеген әлем чемпионаттары мен халықаралық сайыстар біздің елде ұйымдастырылып келеді»,-деді Мемлекет басшысы.

Бұл тұрғыда Президент Қазақстан өңірлерінде әлемдік стандарттарға сай спорт кешендері бой көтергенін еске салып өтті.

«Спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстану Қазақстанның дәстүрлі дағдысына айналды. Ұлттық Олимпиада комитеті талай дарынды тауып, даңқты жолдарымызды жалғастыра береді деп сенемін. Еліміз әрдайым жеңіс тұғырынан көрініп, Көк байрағымыз желбірей берсін!»,- деп атап өтті Н. Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар