Елбасы спорт шарасын қолдауға байланысты бейнеүндеу жолдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Challenge Другой ты!» атты республикалық спорт шарасына қолдау көрсетіп, осы акцияның қатысушыларына бейнеүндеу жолдады. Осы спорттық шараға арналған Елбасының үндеуі Facebook-тегі AkordaPress парақшасында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл бастаманың мақсаты - еліміздің тұрғындары арасында дене шынықтыру мен салауатты өмір салтын насихаттау. Акция аясында отандық танымал спортшылардың, еліміздің мәдениет және масс-медиа өкілдерінің қатысуымен ашық жаттығулар өткізу жоспарланып отыр. Осылайша, олар қазақстандықтарды дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға ынталандыратын болады.

«Құрметті отандастар! Спортпен шұғылдану, жаттығу жасау - саламатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі кепілі болып саналады. Денсаулығы мықты адам ғана бақытты өмір сүріп, биік мақсатқа қол жеткізе алады. Бүкіл адамзатқа белгілі қағида - байлық та емес, мансап та емес. Бақыттың 90 проценті денсаулықта жатыр. Әрбір азамат «шынықсаң, шымыр боласың» деген қағиданы берік ұстанғаны абзал. Мемлекет дене тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, спорт саласын дамытуға жағдай жасап келе жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Барлық облыстарда стадиондар жөнге келтірілді. Барлық облыстарда теннистік кордтарды салып жатырмыз. Қазір қалаларды аралап көрсеңіздер, әрбір ауданда, әрбір аулада, яғни барлық жерлерде  кішкентай спорт алаңдары жасалып, сол жерде біздің жастарымыз денесін шынықтыруда», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы орайда, Президент елімізде жаңа жаттығу залдары, фитнес орталықтары, спорт алаңдары салынып жатқанын, соның барлығы халықтың игілігіне қызмет етуге арналғанын айтты.

«Жылдан жылға спортпен тұрақты түрде шұғылданғандардың да қатары көбеюде. Мұның барлығы халықтың бәсекеге қабілеттігін арттыруға, Қазақстанды қуатты елге айналдыруға жол ашады. Көріп отырсыздар, қанша біздің спортшыларымыз дүниежүзілік додаларда жарысқа түсіп, жеңіске жетіп, «алтын», «күміс» медальдерді елге алып келуде. Осының барлығы көп жастарымыздың спортпен шұғылданғанының арқасында. Бұл жұртшылықты саламатты өмір салтын ұстануға шақыратын ең сәтті бастама болып саналады. Сондықтан көпшілік тарапынан қолдау тауып, жігерлі жастарды тәрбиелеуге септігін тигізеді деп кәміл сенемін. Дені сау, өзі креативті әрі белсенді адамдар ғана елімізді дамытады, алға жетелейді. Осыны ұмытпаңыздар. Өздеріңіздің бақыттарыңыз да осы жолда қолдарыңызға келеді. Бұл игі шараға бастамашы болып, қолдау көрсеткен азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін.   Сіздерге зор денсаулық, толағай табыс тілеймін!», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар