Елбасы сот ісін жүргізудің жылдамдығын арттыруды тапсырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Судьялар құзыреттіліктің, адалдықтың, әділеттілік пен әдептіліктің үлгісі болуға тиіс. Бұл туралы бүгін сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес өткізген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиында сот жүйесін Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауда көрсетілген басымдықтарға сәйкес одан әрі жаңғырту мәселелері талқыланды.

«Халықтың соттарға сенімі мемлекетке деген сеніммен бара-бар. Осыған байланысты, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында маңызды жұмыс атқарылды. Сот жүйесін жетілдіру экономикамызды жаңғыртудың және азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттырудың маңызды бөлігі саналады», - деді Елбасы.

Отырыста Президент Әкімшілігінің басшысы Ә.Исекешев, Жоғарғы Сот төрағасы Ж.Асанов және Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Т.Донақов Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Сот жүйесін жаңғырту жөніндегі жұмыс тобының атқарған жұмысының қорытындылары жөнінде баяндама жасады.

Нұрсұлтан Назарбаев сот жүйесінің жұмысындағы кешенді мәселелерді шешу үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Осыған орай, сот жүктемесі соңғы үш жылда екі есе артқаны атап өтілді.

«Бір жұмыс күні ішінде судья 4 отырыс өткізіп, осыншама шешім қабылдап, 150 санкция шығаруы керек. Осыдан кейін, әрине, олардың сапасына қатысты сұрақ туындайды. Бұл істердің 30 пайызы сотта қарауды қажет етпейді», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті елімізде сот жүктемесін азайту, азаматтық процесті жеңілдету, сот ісін жүргізудің жылдамдығын арттырып, ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

«Сот кадрларының сапасы, олардың мүлдем басқа әдістерді талап ететін заманауи экономикалық жағдайларға әзірлігі және бейімделуі - маңызды мәселелердің бірі. Құқықтық сауаты жоқ судьялар бізге реформа жүргізуге көмектесе алмайды. Судьялар құзыреттіліктің, адалдықтың, әділеттілік пен әдептіліктің үлгісі болуға тиіс», - деді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар