Елбасы СҚО жұртшылығын мерекемен құттықтады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Нүрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысының басшысы мен өңір жұртшылығын Астананың 20 жылдығымен құттықтады.

Құттықтауында Мемлекет басшысы елордаға жасаған ерекше сый үшін ризашылығын білдіріп, жеделхат жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Құрметті Құмар Іргебайұлы! Сізді және бүкіл Солтүстік Қазақстан облысының жұртшылығын Астананың 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіз Қазақстанның символы саналатын бас қаламыздың айтулы мерейтойы - барша қазақстандықтарға ортақ қуаныш. Сарыарқа төсіне қазығын қаққан еңселі елордамызды тұрғызуға бүкіл халқымыз жұмыла атсалысты.

«Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Солтүстік Қазақстан облысы да елордаға ерекше сый жасады. Ұзақ қашықтықты қамтитын және толық жабдықталған велосипед жолағы адамдарға арналған қаладағы заманауи ортаның маңызды құрамдас бөлігі саналады.

Бұл велосипед жолағы саламатты өмір салтын насихаттап, елордада жаппай спортпен шұғылдану үрдісін дамытуға септігін тигізетін болады.

Астананы көркейтуге зор үлес қосқан Сізге және өңір тұрғындарына шынайы ризашылығымды білдіремін.

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!»,-делінген Елбасының құттықтауында.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысы елорданың 20 жылдығына ұзақтығы 2,5 км болатын велосипед жолағын сыйлады.

Соңғы жаңалықтар