Елбасы ШҚО халқын Астананың 20 жылдық тойымен құттықтады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан өңір халқын Астана мерейтойымен құттықтаған хат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысының елорданың туған күніне жасаған тартуы ерекше сый болғанын атаған.

«Құрметті Даниал Кенжетайұлы! Сізді және бүкіл Шығыс Қазақстан облысының жұртшылығын Астананың 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіз Қазақстанның символы саналатын бас қаламыздың айтулы мерейтойы - барша қазақстандықтарға ортақ қуаныш. Сарыарқа төсіне қазығын қаққан еңселі елордамызды тұрғызуға бүкіл халқымыз жұмыла атсалысты.

«Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысы да елордаға ерекше сый жасады. Заманауи технологияларды қолдана отырып Ботаникалық бақ аумағында салынған жарықты-музыкалы субұрқақ бақтың сәніне сән қосқан нысан болды. Бұл жер елорда тұрғындары мен қонақтары серуендейтін сүйікті демалыс орнына айналатынына сенімдімін. Астананы көркейтуге зор үлес қосқан Сізге және өңір тұрғындарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін» - делінген құттықтау хатта.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстанның бұл тартуы Астанадағы ең үлкен субұрқақ ретінде тіркелді. Алып субұрқақтың формасы шеңбер тәрізді. Сыртқы диаметрі 73 метрді құрайды. Кешеннің дәл ортасында биіктігі 6,5 метр тайқазан орналасқан. Су бейне бір осы қазанның ішінен қайнап шығып жатқандай көрініс береді.

Фонтанның тағы бір ерекшелігі - аспанға шапшып жатқан судың қайдан шығып, қайда сіңіп жатқанын аңдау қиын. Тайқазаннан атқылаған су жерге сіңіп жатқандай әсер береді. Ал шындығында ол алаңдағы сүзгіден өтіп, жасырын қоймаға жетеді. Сан түрлі шамдармен көмкерілген әуезді субұрқақтың орнатуға 938 миллион теңге жұмсалған.

Соңғы жаңалықтар