Елбасы: Шетелге кететін қаражатты шектеу керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өтіп жатқан жалпыұлттық телекөпір кезінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ақшаның шетелге қалай кетіп жатқаны туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нарықтық экономиканы дамытудың арқасында бізде бай әрі ауқатты адамдар көбейді. Әрине, байлардың болғаны жақсы. Бірақ олар Қазақстандағы капиталын шетелге шығарып, сол жақта ұстайды. Бүгінде қаражатты шетелге шығарудың бірден-бір жолы ол - күдікті импорттық-экспорттық келісімдер. Ондайда экспортер шетелге тауар мен қызметтерді жібереді, бірақ ақшаны алмайды. Сол сияқты импортер тауар мен қызметтер үшін қаржыны шетелге аударады. Алайда ешқандай қызметті де, тауарды да алмайды. Сөйтіп, бәрімізді алдайды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президенттің айтуынша, валюта нарығына қатысты қазіргі заңнама күдікті импорттық-экспорттық келісімдерге жол беріп, капиталды шетелге шығаруға жағдай жасап отыр.

«Мәселен, қазіргі кезде 27 мың келісім бойынша қарыздың жалпы сомасы 7,7 млрд долларды құрап отыр. Бұл - екі жылда жиналған қаражат. Қазіргі заңнамада нақты шектеулер жоқ», - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетелдегі қаржыны қайтаруға қатысты арнайы заңнаманы әзірлеуді тапсырды. Аталған міндет Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жүктелді .

Соңғы жаңалықтар