Елбасы салдырған мешіттер - Астанада «Әзірет Сұлтан» мешіті ашылады

None
None
АСТАНА. 5 шілде. ҚазАқпарат - Ертең, 6 шілдеде, қасиетті жұ­ма күні Астанада Орта Азиядағы үлкен ғиба­дат­хана­лардың бірі «Әзірет Сұлтан» мешіті Елба­сы­мыздың қатысуымен есігін айқара ашпақ.

Ол сәулеті ерекше ғибадатхана. Іргетасын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІІ съезі ашылудан бір күн бұрын 2009 жылдың 31 маусымында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі келіп қалап еді. Міне, сол Алла үйі аталмыш Құрылтайдың ІV съезі өте салысымен, Астана күні халықты қабылдамақ. Халқымыз мешіттің ашылуын үлкен оқиға деп есептейді. Сол себепті оны асыға күтіп отырғандар аз емес, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті Елбасының ұйытқы болуымен халық игілігіне берілген мешіттер жайлы ауқымды мақалада.

«Әзірет Сұлтан» мешіті елордамыздың тә­уел­сіз­дік алаңының солтүстік жағында асқақтап тұр. Оңтүстік жағы Тәуелсіздік сарайы. Дүниауи іс-шаралар аталмыш сарайда өтсе, діни ғибадаттар «Әзірет Сұлтан» мешітінде атқарылып, елге, Отанға, халқымызға тілектестік білдіріледі, яғни сарайға келген жұрт мешітке де кіріп намаз оқып, дұға жасап, Жаратушы Иемізден тілек тілейді. Осы екі рухани орданың қарама-қарсысында «Бейбітшілік пен келісім» сарайы орналасқаны да қандай ғанибет!

Мешіт жобасын Президент Н.Назарбаевтың өзі республикалық сәулет конкурсына ұсынылған 26 жұмыс ішінен таңдап алған болатын. Алла тағала үйінің сәулеттік келбеті мен безендірілуі шығыстық та, орта азиялық та стилде емес, негіз­гі классикалық қалыпты сақтай отырып қазақ­стан­дық ерекше жаңа стилде жасалған деуге болады. Мешітке қазақтың көп салалы, бай ою-өрнектері көптеп қолданылған. Басқа елдерде жоқ ерекшелігі - оюдың фоны мен өрнектің өзі үйлесімді оқы­лады. Көп қырлы ұлттық ою-өрнектер қазіргі заман талабына сай ғимараттың ішкі көрінісіне, қолданылған рельеф тәсіліне, алтынмен әшекей­леуге бағындыра отырып жүзеге асырылған. Бұл ерекше ғимараттың соңғы қорытынды аккордтарын ортасынан есептегенде тең қашықтықта орналасқан төрт мұнара толық­тырып тұр. Олар­дың әрқайсысының биіктігі - 77 метр.

Мешіт десе, шетелдік психолог жазған бір оқиға жадымда қайта-қайта жаңғырады да тұрады: «Бірде қала ішін аралап келе жатқанмын, - деп жазады әлгі психолог, - зәулім мешіттердің бірінің қасынан өтіп бара жатып сәл ғана аялдауды ойлап тоқтағанымда қасыма үш-төрт жасар баласын ерткен бір әйел келді. Жанындағы бала­қай қолын мешітке қарай созыңқырап: «Мынау не?», - деп сұра­ды. Анасы: «Бұл - мешіт қой» деп жауап қатты. Баласы: «Бұл не?» - деп сұра­ғын қайта қой­ды. «Бұл - мешіт» деген жауап тағы да айтылды. Діттеген жауабын ала алмай тұрған бала тағы да: «Бұл не?» - деп кішкене сұқ саусағын шошайтты. Қайта-қайта бір сұрақты қоя берген перзентіне ашуланған әйел: «Балам, бұл - мешіт деп айттым ғой саған»,- деп зекіп тастады. Психолог болған соң, мына оқиғаны көріп тұрып үндемей қалуға дәтім шыдамай, әлгі әйелге: «Кешіріңіз, ханым, балаңыз сізден мешіттің атын ғана сұрап тұрған жоқ. Өзі күнде көріп жүрген жай үйлерге ұқсама­ған соң, оның адамдарға не үшін қажет екендігін сұраған жоқ па?» - деуге мәжбүр болдым.

Иә, ойлап отырсам, бүлдіршін екеш бүлдір­шін­ді де сонша қызықтырған сұрақ мешіт маңы­нан өткен кез келген ересектерді де толғандырса керек. Өйт­кені, мешіттің атын білгенімен затын, қоғам­дағы барша қадір-қасиетін күні бүгінге дейін толық ұғына қоймаған жандар бұл өмірде аз ба?! Осы тұр­ғыдан қарағанда, біздіңше, мешіт­ке «Намаз оқитын жер» деп жалаң анықтама бере салу аз. Себебі, Алла тағала үйіне шынайы ықы­ласпен кір­ген жанның ішкі дүниесіндегі алабұрт­қан аласапыран сезімдерді бір-ақ сөзбен түйін­деуге болмас. Сон­дықтан алдымен мешіт ұғымы жайлы сөз қозғайық.

Мешіттің мән мағынасы «сәжде, құлшылық жасайтын орын» дегенді білдіреді. Ал шариға­тымыздағы мәніне келер болсақ, Аллаға иман келтірген мұсылмандар жиналып намаз оқитын, өзге де құлшылықтарын жасайтын қасиетті мекен деген ұғымды білдіреді. Сондай-ақ мешітті көңілі жабырқау жандар пана тауып, өмірден тауқымет көріп қиналып жүрген адамдар демеу көретін жер деп те түсінуге болады. Сондықтан мешіт дегенде, ең әуелі оның тек сыртқы зәулім көрінісі ғана емес, адам жүрегін рахатқа кенелтіп жан дүниесін қанаттандырып жіберер рухани жағы ерекше аталуға тиіс. Өйткені, мешіт - барша мұсылман­дар­дың күнделікті күйбеңі, яғни дүниауи тірші­лік­терін ұмытып, аса мақтаулы және барлық кемшілік атаулыдан пәк Ұлы Тәңірі алдында бас иіп мінә­жат жасайтын орын. Сондай-ақ ол мұсылман­дардың ең қастерлі дұға-тілектерін Алла тағалаға пенделік күнә-жазықтарына кешірім сұрап, тәубе ететін жері. Төрткүл дүниенің төрт бұрышында осылай жалбарына жайылған алақан­дардың тіле­уіне Жаратушы Иеміздің мейірім назары, рақымы түскен кезде, бүкіл жер жаһан айрықша нұрланып сала береді.

Мешітте адам рухы Құдай тағалаға мейлінше жақындай түседі. Ал адам жаны үшін Тәңірімен іштей тілдесіп, жан дүниесін ақтарып салғаннан асқан бақытты сәт жоқ. Өйткені, пенденің Алла тағалаға ең жақын сәті сәждеге маңдай тигізген кезі. Қысқасы, Ислам дінінің ең асыл құндылық­тарының бірі - мешіт. Сол үшін мұсылмандар мүм­кіндігінше мешіт салуға ерекше ықыласты болған. Олар бір мекеннен екінші бір жерге көшіп барған кезде, алдымен құлшылық жасайтын мешіт салдыруды жөн санаған.

Мұсылмандардың ғибадат жасап, намаз оқу­ла­ры үшін мешіт тұрғызудың сауабы да мол. Осы тұс­тан сөзімізді бір түйер болсақ, қай елдің ме­шіті көп һәм жамағаты ұйымшыл, ынтымағы мен бірлігі күшті, иманы бекем болса, сол елге бақыт құсының саясы ұзағырақ түсіп тұрады дер едім.

Мешіт салу - бір кездерде Алланың сүйген құлдары пайғамбарлар шұғылданған қасиетті іс болған. Тым сонау Адам (а.с.) атамыздың заманында да Алла тағалаға құлшылық жасайтын орын болғандығы жайлы тарихи деректер бар. Мысалы, Қасиетті Қағбаның тарихына қатысты Ибн Зия атты зиялының еңбегінен төмендегідей жолдарды оқыдым: «Адам (а.с.) жәннаттан жерге түсірілген­де Алла тағалаға: «Уа, Раббым, маған не болды, мен неге періштелердің дауыстарын да, сыбырларын да ести алмай қалғанмын?» - деп сұрағанда Жаратушы Иеміз: «Қателігіңнен, ей, Адам! Алайда жер бетінде Менің разылығым үшін бір үй тұрғы­зып, періштелердің Аршты айналып жатқанын көргеніңдей сол үйді тәуап ет, Мені есіңе ал», - деді». (Ибн Зия. Қасиетті Мекке тарихы мен әл-Харам мешітінің тарихы. Бейрут 1997, 55 бет). Міне, бұл мәлімет Аллаға құлшы­лық жасайтын орын тұрғызудың әу баста Жаратушы Иеміздің тікелей пәрменімен басталғанын көрсетеді.

Мешіт салудың тарихына көз жіберсек, жер бетіндегі ең алғашқы мешіт Мекке қаласындағы қасиетті Қағба екенін білеміз. Құран Кәрімде бұл ақиқат анық айтылған: «Адам баласы үшін (құл­шылық жасау үшін жер бетінде) алғаш құ­рылған үй Меккедегі (Қағба). Ол өте берекелі және бүкіл әлем (адамзат) үшін тура жолдың бас­тауы» («Әли Имран» сүресі, 96-аят).

Кейінірек қасиетті Қағбаның іргетасын Алла тағаланың бұйрығымен әкелі-балалы пайғамбар­лар Ибраһим (а.с.) мен Исмайыл (а.с.) қайта қалады.

Міне, сол Пайғамбарлардан (а.с.) бастау алған осы игілікті іс хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғам­барымыздың дәуірінде бүкіл дүниежүзіне Ислам дінінің таралуымен қатар Алланың үйлері де салына бастады. Осы ретте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дәуірінде мешіт салу мәселесі қалай өрбігені жайлы да бір-екі ауыз айта кетейін.

Мұсылмандар һижрадан бұрын намазды көбі­несе үйлерінде немесе өзге де ыңғайлы жерлерде оқитын. Мәселен, әйгілі сахаба Әркамның үйі Исламды үйрету орталығы, әрі мешіт ретінде пайда­ланылған. Хазрет Омар (р.а.) Ислам дінін қабыл­даған соң, мұсылмандар Қағбада намаз оқи бастады. Әл-Харам мешітінде жасалған ғибадаттың сауабы да басқа мешіттерде оқылған намаздардан әлдеқайда мол болуының өзі бұл мешіттің Алла­ның назарында қаншалықты жоғары екендігін көрсетсе керек. Алла елшісінің (с.ғ.с.) бір хади­сін­де: «Бұл мешітте оқыған намаздың сауабы, басқа мешіттерде оқылған намаздар сауабынан мың есе артық, ал Әл-Харам мешітінде (Мекке­дегі) оқыл­ған намаздың сауабы менің Мадина­дағы меші­тімде («Мәсжид ән-Нәбауи») оқыған намаз сауабынан жүз мың есе артық» делінген. Ендеше, әл-Харам мешітінде оқылған бір намаз басқа мешіт­терде оқылған намаздан 100 мың есе артық.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға қоныс аударған кезде өзін құшақ жая қарсы алған Мәдиналық мұсылмандармен бірге қаланың оңтүстік жағындағы Құбада мешіт салдырды. Құран кәрімде ол: «Бастапқы күннен бері тақуалық негізінде салынған мешіт» деп мадақтал­ған («Тәубе» сүресі, 108-аят).

Ахмад ибн Ханбал және Тирмизи риуаят еткен Алла елшісінің хадисінде: «Құба мешітінде оқыл­ған бір намаз ұмра қажылығының сауабына тең», - делінген. Сондай-ақ Бұхари мен Муслимнің риуаятында Алла елшісінің Құба мешітіне әр сенбі күні кейде жаяу, кейде көлікпен келіп құлшылық жасай­тындығы айтылған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабалары да: «Егер адамдар Құба меші­тінде оқыл­ған намаздың сауабын білгенде, оған түйені қара терге салып барса да жетер еді», - деп осы бір мүбәрак мешітте намаз оқудың абзал­дығын тілге тиек еткен. Сөйтіп, Мәдина қаласына келе сала, Алла елшісі (с.ғ.с.) мешіт салуды қолға алды.

Осылайша, мешіт әрі Аллаға құлшылық жасайтын орын, әрі діни, қоғамдық орталыққа айналды. Шетелдерден келген елшілер, түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері де осы мешітке атбасын тірейтін. Кейде бұл мешіт екі адам арасында туған дауға төрелік жасайтын билік орнына да, жоқ-жітік, міскіндерге жәрдем берілетін көмек үйіне де айналып кететін. Халыққа насихат уағыз айтатын рухани орталық та осы ғибадатхана болатын.

Ислам тарихына үңілер болсақ, мешіттерде Құран ілімі, Тәпсір, Хадис, Шариғат ілімдерімен қа­тар, медицина, математика, астрономия секілді жаратылыстану пәндері де оқытылғанын көреміз. Кейінірек мешіттер жанынан медресе, қайы­рымдылық үйі секілді қосымша ғимараттар салынып, мешіттердің Алла тағала үйлерінің ғылыми институтқа айналғанына куә боламыз.

Мешіт - бірлік пен ынтымақтың, имандылық пен бауырмашылдықтың рухани қайнар көзі. Мешіт - кез келген мүмін, мұсылманды тіліне, нәсіліне, ұлтына қарап бөле-жармай бастарын бір жерге тоғыстыратын құтты мекен. Ендеше, мешіт салынса, осы мақсатпен салынуға тиіс. Ал тек бір ғана топқа, руға, жүзге, ұлтқа арнап мешіт салуға шариғатымызда рұқсат етілмейді.

Осы тұста бір мәселені қозғай кету жөн сияқ­ты. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде Құба меші­тіне жақындау жерге екіжүзді мұнапықтар ерекше мешіт салдырды. Мақсаттары мұсылман­дардың арасында бүлік шығарып, бірлік-ынты­мақтарына сызат түсіру еді. Мешіт біткеннен кейін, олар Пай­ғамбарымызды (с.ғ.с.) шақырып, намаз оқитын­дар­ға имам болуды, мешітті берекеге айналдыруды сұрайды. Алла елшісі (с.ғ.с.) Табук шайқасына да­йындалып жатқандықтан, өті­ніш­­терін қабыл­да­мады. Табуктен қайта оралғанда олар тағы да келіп, тілектерін қайта білдірді. Осы кезде Алла тағала олардың бет перделерін ашып, екіжүзді екендіктерін, мұсылмандарға зиян келті­руге тырысып жатқандығын білдіретін арнайы аят түсіріп, олардың нағыз бейнелерін көрсетіп берді. Ол «Тәубе» сүресінің төмендегі аяты еді: «Кей­бі­реулер зиян келтіру, күпірлікті күшейту, мұсыл­мандар арасына жік салу үшін, бұрын­нан Аллаға және оның Елшісіне қарсы тұрған адамның ке­луіне дайындық үшін мешіт салып, «Тілегіміз тек қана игілік» деп ант су ішеді. Ақиқатында олардың асқан суайт екен­дігіне Алла айғақ болады. Ол мешітте, әсте, намаз оқушы болма» («Тәубе» сүресі, 107-108-аяттар).

Осы ескертуден кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірнеше адам жіберіп, әлгі үйді құлатқызып тастады. Ендеше, мешітті бүлік шығару, ел арасына іріткі салу, ынтымақты ыдырату үшін салдыру дұрыс емес.

Бұл айтылғандар сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кезіндегі жағдайлар еді. Осы өнегені ту еткен сахабалар мен олардан кейінгі дәуірлердегі мұсылман жамағаты мешіт салып, оны материал­дық және рухани тұрғыдан көркейту ісіне көп көңіл бөліп, күш-жігер жұмсады. Қасиетті Құран кәрімде: «Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға және ақырет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген, Алладан ғана қорыққан кісілер көркейтеді. Міне солардың тура жол табушылардан болуы үміт етіледі» делінген аят бар («Тәубе» сүресі, 18-аят).

Кейбір ғұламалар бұл аятта Меккедегі «әл-Харам мешіті» сөз болады дейді, дегенмен, әлем­дегі кез келген мешіттің бағыты, құбыласы сол негізгі мешітке қарайды. Сондықтан бұл аят кез келген мешітке қатысты.

Мешіт салу - жүрегі Алла деп соғатын, Алла дегенде, өзге істі бір шетке ысырып қоятын, Алла бұйырған намаз, зекет секілді құлшылықтарды ерекше тебіреніспен (жауапкершілікпен) іске асыратын, өлгеннен кейінгі мәңгі өмірдің табысты, жемісті және жеңісті болуы мына өмірде жасаған ізгі амалдармен байланысты екендігіне толық сенетін жан­ның шын көңілінен шығатын рахымды іс.

Кең байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінде ілгеріректе салынған көне мешіттер, немесе соң­ғы жылдарда бой түзеп жатқан жаңа ғиба­датханалар бәрі де осындай ниетпен салынуда деп сенеміз.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың тікелей бастамасымен, қолдауымен бой көтер­ген мешіттерді мыңдаған жұрттың қатысуымен үлкен салтанатпен ашып жүргеніміз еске түседі. Сон­дай-ақ Елбасының өзінің де осынау игілікті істің басы-қасында болып қана қоймай, уақытының тығыз екеніне қарамастан, Алла үйлерінің ашылуларына қатысып жүргенін де мақтанышпен айтқан ләзім. Оны еліміздің, қо­ғамымыздың иман­дылығы мен рухани дамуына көрсетілген үлкен қолдау деп білем. Иә, соңғы он шақты жыл ішінде республикамызда архитектурасы бірегей бірқатар сәулетті мешіттер бой көтерді. Бұл тұста бізді қуандырған бір жәйт- мешіт салып, Алла тағала разылығына бөленудің айқын үлгісін Нұрсұлтан Әбішұлының өзі көрсетіп жүрген­дігін­де. Ол Отанымыздың түрлі аймақтары­нан еліміз тәуелсіздік алғалы 10-ға жуық мешіт салдырып, халқының мерейін үстем етіп келеді. Реті келіп тұрған соң Н.Ә.Назарбаев салдырған өзге де ғибадатханалар жайлы да айта кетуді жөн көріп отырмын.

 «Алматы Орталық мешіті»

Өткен ғасырдың 90 жылдарының аяғында бой көтеріп, халықты үлкен қуанышқа бөледі. Қанша қиыншылық болып жатса да Елбасының мешіттің бітуіне үлкен күш салғанын айту ләзім. Қазақ­станның оңтүстік астанасының көркіне айналған зәулім бұл ғимарат бұрынғы ескі құлшылық үйінің орнында бой көтерді. Ол аумағы жағынан рес­публикамыздағы үлкен мешіттердің бірі. Ғимарат бес мың адамға арналған.

Төрт мұнарасы бар. Бас мұнараның биіктігі 40 метр. Бұл хазреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) пайғам­барлықтың қырық жаста қонғандығын, ал төрт мұнара - төрт халифаны білдіреді.

 «Қарасай батыр» мешіті

 Алматы облысы, Қарасай ауданы, «Үшқоңыр» (бұрынғы Шамалған) ауылында салынып, 2000 жылы 6 шілдеде Елбасы 60-қа толған күні өзінің қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Ғимарат тұңғыш Президентіміз дүниеге келген жері Үшқоңыр кентінің батыс бөлігінде, Қаскелең-Ұзынағаш тас жолының сол жағындағы Үшқоңыр тауының етегінде.

Алла үйінің биіктігі 18,5, күмбезінің биіктігі 22,6, шеңбері 9 метр. Алтынмен апталған айшы­ғының биіктігі 3 метр. 4 бұрышында ғимаратқа көрік беріп тұрған 15 метрлік 4 мұнара бар. Мешіт 1500 адам құлшылық етуге арналған.

 «Ақорда мешіті»

 Ақорданың құрылысы бітіп, ашылу салтанаты белгіленген 2004 жылдың 22 желтоқсанында ашы­луы рәсіміне шақырылдым. Үлкен үйге кірмес бұрын халқымыздың салт-дәстүрі мен дініміздің қағидалары орындалды. Елге, Отанға, халқымызға амандық, береке бірлік, ынтымақ, татулық, бақыт пен байлық тілеп, құрбандық шалынып, Құдай тағаладан тілек тілеген соң Нұрағаң бастап Ақордаға кірдік. Елбасының өзі бастап жүріп қабаттарды, бөлмелерді аралап шықтық. Сосын Ақордадағы мешітке кірдік. Иә, мемлекет басшысы ордасында мешіттің де болуын ескерген екен. Ғибадатханада болуы тиіс нәрселердің бәрі де қаперде болыпты. Михраб та тұр. Сәулеттік жағы да мінсіз. Сөйтіп, Ақорда мешітінде Нұрағаң және бірнеше кісілер болып сәлем намазын оқыдық. Елге, Отанға, Елбасына Жаратушы Иемізден тілек тілеп, дұға жасадық.

Мемлекет басшысына түрлі деңгейдегі патшалар, президенттер, премьер-министрлер мен министрлер, қоғам және ғылым, дін қайраткерлері де ресми сапармен келіп жататыны белгілі. Олай болса, олардың арасындағы мұсылмандардың да Ақорда мешітіне кіріп намаз оқуларын да ескергені үшін Елбасына әрі риза болдық, әрі сүйсіндік, Құдай тілегіңізді бергей дедік.

 «Қызылжар» облыстық орталық мешіті

 Оның іргетасы 2001 жылы қаланды. Елбасы 2004 жылы Сауд Арабиясы Корольдігіне жасаған ресми сапары кезінде Ресеймен шекарадағы Қызыл­жарда мешіт салып беру туралы тақ мұрагері ханзада Сұлтан бин Абдел Азизге өтініш білдірген еді. Сол жолы ол қайырымдылық көмек жасап, 2 млн. АҚШ доллары мөлшерінде қаржы бөлді.

2005 жылдың 27 қарашасында сол кездегі облыс әкімі Т.А.Мансұровпен мешітті салтанатты түрде аштық.

 «Нұр Астана» орталық мешіті

 «Нұр Астана» орталық мешітінің құрылысы 2002 жылы басталып, 2005 жылы наурызда пай­далануға берілді. Ол Астананың Қабанбай батыр даңғылында орналасқан. Алла үйін Қатар мемле­кетінің Әмірі шейх Хамад бин Халифа әл Сәни­дың қайтарымсыз сый ретінде бөлген қаржысына тұрғызылды.

Оның құрылысы аяқталғанға дейін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей назарында болды. Дінба­сы ретінде мен ғимараттың ішкі-сыртқы жұмыстары мен безендірілуін қадағалап, әрлеп, түрлендіруге қолданылған бояудың түстері мен жазуларға көңіл бөліп, бақылап отырдым.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2005 жылы 22 наурыз мерекесі күні мешіттің ашылу салтанатында барша мұсылман халқын елордадағы үлкен имандылық үйінің пайдалануға берілуімен құт­тық­тай келе, 1994 жылы Сауд Арабияға арнайы жасаған сапарында осы елдің королі Фаһд бин Әбдел Азиз сыйға тартқан қасиетті Қағбаның жабуы - кисуаның бір бөлігін және қасиетті Құран кәрімді мешітке сый етті.

«Һибатулла Тарази» мешіті

 Тараз қаласында 2007 жылы сәуір айында пайдалануға берілді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1996 жылы осында келген кезекті сапарында Тараз қала­сының Ислам дінін таратудағы тарихи маңы­зына тоқтала келіп, шаһарға зәулім бір мешіт тұрғызу жайлы айтқан. 2000 жылы қаланың Төле би және Ұлбике көшелерінің қиылысқан тұ­сындағы бұрынғы жазғы цирк алаңы ретінде пайдаланып келген аумағы 2,5 га жер Елбасы тапсырмасымен мешіт құрылысына бөлініп берілді.

Дінордасы қаланың қай тұсынан қараса да көзге алыстан шалынатын, 1500 адам намаз оқи алатын, биік те, зәулім ғимарат, әрі ол қаланың бас көше­сінің басында. Мұнарасының биіктігі 35 метр.

Мешіт 2007 жылы 27 сәуірде, жұма күні Елба­сы­ның қатысуымен салтанатты түрде ашылды. 50 мыңға жуық кісі жиналды. Алла үйіне Тараздан шыққан ғұлама, заманында Каирдегі Сұлтан Бейбарыс медре­сесінде ұстаздық еткен, бірқатар аса бағалы еңбек­тердің авторы Һибатулла Таразидің (1271-1330) есімі берілді. 2012 жылы оның АҚШ-тың Принстон университетінің қолжазба қорынан табылған еңбегін аударып, жеке кітап етіп шығардым.

 «Нұр ғасыр» мешіті

 Ақтөбедегі бұл ғажайып мешітті Елбасы тіке­лей салдырмаса да оған қатысы бар.

Мешіт құрылысы 2006 жылы басталды, оған облыс және қала тұрғындары, оның ішінде ұлты­на, нәсіліне, тіпті діни ұстанымына қарамастан барлық тұрғындар белсене атсалысты. 2005 жыл басынан 2009 жылдың 1-ші қаңтарына дейінгі мерзім ішінде құрлысқа 1 901 452 769, 56 теңге қаражат жиналды. Халықтың осындай ықыласы арқасында «Нұр ғасыр» мешітінің құрылысы екі жарым жыл ішінде аяқталып, 2008 жылы 22-қыркүйекте қасиетті рамазан айында салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті.

Мешіттің төрт мұнарасы бар. Әрқайсысының биіктігі 63 метр.

Мешіттің ашылу салтанатына достас екі ел - Қазақстан мен Ресейдің Президенттері Н.­Ә.Назарбаев пен Д.А.Медведев келіп, халықты қуа­ныш­­та­рымен құттықтады. Ресей секілді алып елдің президенті Д.А.Медведевтің Қазақстанның бір облысындағы мешіттің ашылуына келуі, оның ең әуелі Н.Ә.Назарбаевқа, халқымызға және оның дініне көрсетілген сый-құрметі деп білу керек.

Сөйтіп, «Нұр-ғасыр» мешітінің ашылу салтанаты облыс өміріндегі, тіпті Отанымыздағы үлкен оқиға болды.

 Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи мешіті

 2000 жылдың күзі. Бүкіл түрік халқының рухани ордасы, тарихымыздың талай оқиғаларының куәсі болып келе жатқан қарт қаланың 1500 жылдық тойына ЮНЕСКО делегациясы, түрік халықтарының президенттері мен премьер-министрлері, түрлі деңгейдегі мемлекет, ғылым мен қоғам қайраткерлері, жалпы халық жиналып үлкен мереке өткізілді. Осы жиынға арналып халық­аралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды.

Осы күндері дүйім жұрт алдында екі президент ойшыл, ақын, дана баба кесенесінің оңтүстік шығысындағы бір шақырымдай тұсқа: «Бұл жерге болашақта Қожа Ахмет Йасауи атындағы мешіт салынады» деп жазылған үлкен белгітас қойды. Мешітті Түркия салатын болды.

Содан түрік сәулетшілері іске кірісіп, мешіт­тің екі жобасын жасады. Олармен Н.Ә.Назарбаев танысқан соң Орта Азиялық үлгіде жасалған жобасын таңдап, оған келісетіні жайлы қол қойып, рәсімдеп бекітіп берді.

Түркістан мешітінің құрылысы келер жылы бітіп, халықтың қуанышына ортақтасатын шы­ғар­­мыз деген үміттеміз.

 Оңтүстік Қазақстанның бас мешіті

 Нұрағаң Біріккен Араб Әмірлігінің мемлекет басшысының Шымкентке келген сапарында облыс орталығына үлкен мешіт салып беру туралы өтініш жасады. Ол құп алынып, сәулетшілер іске кірісіп кетті.

2007 жылы құрылысы басталған облыстық орталық сол мешіт Шымкент қаласындағы тоғыз жолдың торабы, Алматы - Ташкент пен Темірлан тас жолы қиылысында бой көтерген. Оған 3 гектардан астам жер бөлінген. Алла тағала үйі сәулеті қазақтың киіз үй сипаты бейнесінде салынуда. 4 мұнарасы бар. Биіктігі 37 метр.

3 мың орындық ғибадатхана бітуге тақау.

Мешіт Алланың үйі болғандықтан, оны көрген жан да ең алдымен Алла тағаланы еске алады, дінін ойлайды, құлшылық, намаз жайлы пікір қорытады. Асқақтай бой көтерген мешіт­терді көрген жанның намазға, дінге деген ықы­ласы мен құрметі арта түседі деп ойлаймыз. Өйт­кені, мешіт маңызының өзі онда жасалатын құлшылықта жатыр. Алланың сүйікті құлы, адам баласына жіберілген соңғы елші хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың бір хади­сінде: «Егер адамдар Алланың үйлерінің бірінде жиналып, Құран оқып, оны өзара талқы­лайтын болса, оларға міндетті түр­де жан тыныштығы түседі және оларды рахым­шылық бүркеп періш­телер қоршауына алады. Алла оларды Өзінің құзырындағылар жанында еске алады» - делінген. Ендеше, Алладан тілеріміз ме­шіт­теріміз ішкі рухы таза, мінезі көркем, иманы те­рең, білімі мол, құлшылығы көп жандарға толса екен.

2012 жылғы санақ бойынша Қазақстанда қазір 2300-ден астам мешіт бар. Олар негізінен халық­тың, жекелеген кәсіпкер азаматтардың демеушілі­гімен бой көтерген.

Өзім де Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Шақпақ баба кентінде Біріккен Араб Әмірлігінің демеушілігімен 150 орындық Алла үйін салдырып бердім.

Қазақстандағы барлық мешіттердің 99,9 пайызы ҚМДБ-ға тіркелген. Сол арқылы діни істер қазір бір орталықтан басқарылады. Бұл Ислам дінінің дұрыс насихатталуын, көп ұлтты Қазақ­стан мұсылмандарының бірлігі мен ынтымағын қамтамасыз етеді.

Біз әрдайым мешіттеріміздің ғибадат орны ғана емес, сондай-ақ діни-рухани орталыққа да айналуын мұрат етеміз. Құдайға құлшылық ету үйінің шаңырақ көтеруіне демеушілік жасаған үлкен жүректі, игі тілекті абзал азаматтар мен олардың отбасыларына алғыс білдіріп, оларға Жаратқанның нұры жауғай, өздеріне зор денсау­лық, жасап жатқан іс-амалдарына Алла тағала­ның береке-бірлігі болсын деп дұға жасап отырамыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде кім Алланың разы­лығын қалап мешіт тұрғызса, Алла тағала оған жәннатта сондай үй тұрғызады» деген. Елімізде мешіт салуға ат салысқан әрбір азамат үшін жәннатта біз елестете алмайтын сондай зәулім сарайлар салынуын Алладан тілейміз.

Соңғы жаңалықтар