Елбасы өзіне жазылған хаттар мен жазбаларды оқып шығады – Үкібай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзіне жазылған хаттар мен телеграммаларды, әлеуметтік желіде жарияланған жазбаларды оқып шығады. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

А. Үкібай Елбасы барлық хатты оқуға үлгере ме деген сұраққа жауап бере отырып: «Барлық форматта жіберілген хаттар Елбасыға келіп түседі. Әрине, өлшеусіз көп хат келеді, мұндай көлем бұрын да болған. Қызметтік құжаттарды қарау арасындағы үзілісте Елбасы хаттар мен телеграммаларды, әлеуметтік желіде жарияланған жазбаларды мұқият оқып шығады. Нұрсұлтан Назарбаевқа жастардың #ElbasymenBirge бастамасы ұнады деп айта аламын. Қазақстанның түпкір-түпкірінен, алыс және жақын шет елдерден келіп түскен қолдау сөздері Тұңғыш Президентке күш-қуат беріп жатыр», - деді.

Сонымен бірге, ол Елбасының шет мемлекеттерде, алпауыт саясаткерлер арасында үлкен беделге ие екенін атап өтті.

«Владимир Путин хат арқылы да, телефон арқылы да жылы лебізін білдірді. Режеп Ердоған, Елбасына деген құрметпен тілегін қазақ тілінде жазған Майк Помпео, Орталық Азия елдерінің басшылары, Үндістанның Премьер-Министрі Нарендра Моди және өзге де мемлекет басшылары хабарласты. Көпшілігі үшін Нұрсұлтан Назарбаев жақсы дос, жаһандық деңгейдегі саясаткер үлгісі болып қала береді. Өзім де бірнеше рет байқадым, көптеген мемлекет басшыларымен кездесуде Елбасы тілектес, сенімді қарым-қатынас құра алды. Нұрсұлтан Назарбаевтың бірегей көпқырлылығы адамдарды өзіне тартатын ерекше қасиетке ие. Қазір де оған құрғақ кеңселік хат емес, шынайы алаңдаушылық пен қамқорлыққа толы жолдаулар келуде», - деді Айдос Үкібай.

Сонымен бірге, спикер Нұрсұлтан Назарбаевтың атына еңбек сіңірген өнер қайраткерлерінен, ЖОО ректорларынан, депутаттардан, қоғам қайраткерлерінен және көптеген еңбек ұжымдарынан телеграммалар келіп жатқанын айтты.

Бұған дейін баспасөз хатшысы Елбасының денсаулығы туралы айтты. Оқшаулану талабына байланысты Н.Назарбаев қашықтан жұмыс істеп жатыр.

Адамдардың бірлігі, олардың ізгі және шын көңілден білдірген тілектері Тұңғыш Президентке күш беретінін жеткізді.

Айта кетейік, Елбасының баспасөз хатшысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың COVID-19-ға тапсырған сынамасы оң нәтиже көрсеткенін хабарлаған еді.

«Ай басталғалы Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс кестесі өте тығыз болды. Елбасы екіжақты келіссөздер жүргізіп, ресми тұлғаларды қабылдады. Оған қоса, Тұңғыш Президент отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Жалпы алғанда телевизиялық түсірім үшін 40 адам жұмыс істеді, оның ішінде шет елдің азаматтары да бар. Нұрсұлтан Назарбаевтың жағдайын медицина қызметкерлері бақылап отыр. Алаңдауға негіз жоқ. Елбасы заманауи коммуникация арналарын пайдаланып қашықтан жұмыс істеп жатыр», - деген болатын ол.


Соңғы жаңалықтар