Елбасы: Осыдан он сегіз жыл бұрын біз ұлы жолға шықтық, арманды сапарға аттандық

None
None
 АСТАНА. Желтоқсанның 15-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ -  Осыдан он сегіз жыл бұрын біз ұлы жолға шықтық, арманды сапарға аттандық. Дүниеде Қазақстан Республикасы деген жаңа мемлекет пайда болды. Ылайым, алдымыздан жарылқасын деп тіледік. Сол тілегімізді берді. Бұл туралы бүгін Астанада Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ежелден еркіндік аңсаған ер қазақтың ең асыл мұраты еңселі ел болу еді. Елім деп еңіреген ақындарымыз «Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас» деп жырлайтын еді. Арғы замандарды айтпағанның өзінде, тек кейінгі екі ғасырдың ішінде халқымыздың өз бостандығы жолында екі жүзден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шыққаны осының дәлелі. Мұнан 18 жыл бұрын қазақ жерінде атқан тәуелсіздік таңы Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан мына дарқан даланың төсін қанымен, терімен суарған ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды жемісі, нақты нәтижесі дейміз», - деді Елбасы сөйлеген сөзінде.«Тәуелсіздікті жария еткен Конституциялық Заңға қол қойған күннің ертеңіндегі, 17 желтоқсандағы митингіде сөйлеген сөзімде «Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін», деген едім. Сол айтқаным келді», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар