Елбасы музейінің жаңа ғимаратында қандай жәдігерлер бар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жақында елордадағы Н. Назарбаев орталығының жанынан ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы музейінің жаңа ғимараты ашылған болатын. ҚазАқпарат агенттігі Тұңғыш Президент күніне орай, жаңа ғимараттан фоторепортаж ұсынады.

Үш қабатты ғимараттың жалпы аумағы 40 мың шаршы метрден асады, оны «SEMBOL» түрік компаниясы салған. Кіреберіс вестибюльдің биіктігі 18 метрге жетеді. Музейді жобалауда сәулетшілер ақ тас пен мөлдір әйнекке басымдық беріп, заманауи сәулеттің сұлулығы мен жаңа технологиялық шешімдерді біріктірген. Музей айналасындағы саябақты да ерекше атап өтуге болады. Мұндағы алуан түрлі ағаштар мен ыңғайлы жолдар елорда қонақтары мен тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналуда.


Музей экспозицияларында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметі арқылы Қазақстан азаматтарының еңбегі мен жетістіктері көрсетілген. Бірінші қабатта музей экспозициялары, көрме залдары, музей қоры қоймасы, кітапхана және интерактивті оқу залы орналасса, екінші қабатта – шара өткізуге арналған екі мың орындық көпфункционалды зал, үшінші қабатта – коворкинг орталығы мен әкімшілік кеңселер орналасқан.


Атриумға кіргенде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алған «Әлем. XXI ғасыр» манифесін көруге болады. Осылайша Тұңғыш Президент арқылы біздің еліміз халықаралық қауымдастыққа бейбітшілік пен жасампаздыққа ұмтылысын көрсетті.

Музейде 7 зал орналасқан және оның біріншісі «Елбасының балалық шағы» және «Тұлғаның қалыптасу жолы» деп аталады. Н. Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Алматы облысы Қаскелен ауданы Шамалған ауылында дүниеге келген. Залда қазақстандық суретшілердің Елбасының ата-анасы Әбіш және Әлжан Назарбаевтар бейнеленген туындылары қойылған. Классикалық экспозициялық шешімдер мен заманауи технологиялардың синтезі арқылы мұнда Елбасының тұлға болып қалыптасқан дәуірі жаңғыртылды. Залда Елбасының балалық шағы, мектептегі жылдары, еңбек жолының басталуы мен саяси мансап кезеңдерін көруге болады.

Сонымен бірге, бұл залда Н. Назарбаевтың шежіресінен бастап, мектеп пен училищедегі, институт пен жұмыс орнындағы жетістіктерін, белсенді партиялық-комсомол жұмыстары мен Қазақ ССР министрлер кеңесінің төрағалығы, Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшылығы және ел президенттігіне дейінгі кезеңдерді тамашалауға болады.


Музейдегі екінші зал «Президент жолы» деп аталады. Бұл зал 1992 жылы 4 маусымда қабылданған еліміздің мемлекеттік рәміздерімен ашылады. Одан бөлек, Конституция мен Қазақстан әскері, Алтын адам, теңгенің шығарылуы және Қазақстан халқы ассамблеясының құрылуы туралы арнайы витриналар жабдықталған.

Бұл залда еліміздің көпвекторлы саясат ұстанымын көрсететін карта орналасқан. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан әлемнің 183 елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Біздің еліміз 54 халықаралық және 8 өңірлік ұйымдарға мүше.

Үшінші зал «Стратег жолы» деп аталады, мұнда Елбасының астананы ауыстыру туралы маңызды шешімінен бастап, елорданың бас жоспары, 2030 жылға дейінгі жолдардың дамуы көрсетілген. Зал ортасында «Қаланың дамуы» мэппинг-шоуы көрсетіледі. Медиа-столда планшеттер арқылы ел астанасының архивтік құжаттары мен фото-видео материалдары қолжетімді. Арнайы инфографика арқылы Қазақстанның халық саны, жұмыспен қамту, ұлттық экономика, өнеркәсіп, сауда, көлік, құрылыс, туризм, қоршаған орта және білім салаларындағы өсу қарқынын көруге болады.


«Жаһандық көшбасшы жолы» деп аталатын төртінші залда Қазақстанның ядроға қарсы жаһандық қозғалыс жетекшісі екені, қазақстандық этникааралық және конфессияаралық келісім үлгісінің дүние жүзінде мойындалғаны айтылады. «Әлем таныған көшбасшы» фотогалереясында Н. Назарбаевтың өзге елдердің көшбасшыларымен түскен суреттері топтастырылған. Жер шары макетінде Н. Назарбаевтың БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген сөздері көрсетіледі.


Ядролық қарусыздану ісіндегі және бейбіт бастамаларды ілгерілетудегі еңбегі үшін Елбасы көптеген мемлекеттік және қоғамдық наградалармен марапатталды. Тиісінше музейге Ұлыбританияның Әулие Михаил және әулие Георгий ордені, «Шығыс-Батыс» институтының Бейбітшілік және превентивті дипломатиясы сыйлығы, «Хиросима қаласының ерекше құрметті азаматы» белгісі, «NTI» қоры Т.Тернердің арнайы сыйлығы қойылған.

«Елбасы және өзге елдердің көшбасшылары» фотогалереясында 700 фотосурет арқылы Қазақстанның дипломатиялық тарихының өзіндік жылнамасы қалыптасқан. Сондай-ақ, осы залда Елбасыға сыйланған дипломатиялық сый-сияпаттар және қару-жарақ топтамасы қойылған.


Бесінші зал «Данышпан жолы» деп аталады және мұнда «Қазақстан-2030» Мемлекеттік стратегиясына қатысты көрнекі бұйымдар қойылған. Мәселен, тау-металлургиялық кешен елдегі негізгі салалардың бірі болып саналады, аллюминий қоры бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында екінші орын алады. Машина жасау мен мұнай-газды да экономиканы арттыратын драйвер деп атауға болады. Елбасы стратегиясының тағы бір басымдығы – сапалы білім мен денсаулық сақтау болатын. Бұл ретте 1993 жылы Н. Назарбаевтың бастамасымен «Болашақ» стипендиясы бекітілді. 2019 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жүзеге асты.

Сонымен бірге, осы залда келешек ғалымдар мен зерттеушілерге мұра ретінде Елбасының таңдамалы еңбектері қойылған. Елбасы еңбектері әлемнің 30-дан астам тіліне аударылған және шетелдік оқырмандар арасында да танымал. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қорында өзге мемлекеттер басшылары мен қоғам қайраткерлері Н. Назарбаевқа сыйлаған кітаптар да қолтаңбаларымен сақтаулы.


Зал ортасында «Қазақстан-2050» стратегиясына орын берілген. 2012 жылы желтоқсанда Н. Назарбаев Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясын ұсынды. Оның басты мақсаты – мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбек негізінде берекелі қоғам құру, Қазақстанды әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосу. Осы мақсатта «Қазақстан-2050» Стратегиясы ұзақмерзімді жеті басымдықты іске асыруды көздейді. Стратегияның мазмұны мен бөлімдері мультимедиялық форматта ұсынылған.


Алтыншы залда Қазақстанның тәуелсіздік алған сәттен бергі жүріп өткен жолы шоу түрінде көрсетіледі. Ал соңғы жетінші зал «Қазақстанның мақтанышы деп аталады. Музей экспозицияларынан бөлек, келушілер өздерін хоккей, бокс, велоспорт немесе ауыр атлетика бойынша жарыс қатысушысы ретінде сезініп, елдегі спорт пен мәдениеттің дамуы туралы пайдалы ақпарат ала алады.

«Қазақстанның спорттық даңқы» бөлімінде Қазақстанның спорттағы жетістіктерін және Жақсылық Үшкемпіров, Бекзат Саттарханов, Серік Сәпиев, Александр Винокуров, Дәулет Тұрлыханов, Дмитрий Баландин және Денис Тенге арналған витриналар мен марапаттарын, жеке бұйымдарын тамашалауға болады. «Келешектегі спорт жұлдызы» фотоаймағынлда кез келген қонақ құрмет тұғырына шығып, естелікке суретке түсе алады.


«Қазақстанның мәдениеті» бөлімінде киіз үй мен ұлттық музыкалық аспаптар қойылған тағы бір фото-зона бар. Ақпараттық бөлімшеде Қазақстанның ұлы композиторлары, музыканттары, жазушылары, суретшілері, сәулетшілері мен ғалымдары туралы мәліметтер жинақталған. Мұнда Әміре Қашаубаев, Күләш Байсейітова, Әлібек Дінішев, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова және Димаш Құдайберген сынды өткен және қазіргі заманғы орындаушылардың әнін тыңдауға болады. Одан бөлек, қобыз, домбыра, жетіген сынды ұлттық аспаптарға арнайы инсталляция ашылған.


Соңғы жаңалықтар