Елбасы: МСАК жаңа Астана декларациясы - әлемдегі денсаулық сақтау саласы үшін маңызды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша жаңа Астана декларациясын қабылдау - бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау саласы үшін маңызды кезең болары анық. Елордада өтіп жатқан медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық конференцияға жолдаған видеожолдауында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осыдан 40 жыл бұрын әлем жұртшылығы Алматы қаласына жиналып, онда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше мемлекеттер алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі Алматы декларациясын қабылдады. Аталған тарихи құжат көптеген мемлекеттердің ЖОО-ларының оқулықтарына енгізілді. 1978 жылы ДДҰ декларациясына қол қойылуы - халықаралық күш-жігерді жұмылдыруда тиімділіктің жарқын үлгісін көрсетіп берді. Онда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің базалық қағидаттары айқындалды. Олар - халықтың санитарлық бағытта ақпараттандыру, ана мен баланың денсаулығын қорғау, аурулардың алдын алу, оның ішінде вакцинация мен дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету секілді маңызды қағидаттар. Одан бері әлемнің денсаулық сақтау бағыты осы негізгі бағыттар бойынша дамып келе жатыр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық конференцияға жолдаған өзінің видежолдауында.

Қазақстан Президенттінің айтуынша қазіргі таңда адамзат жаңа сын-тегеуріндердің алдында тұр.

«Қоршаған ортаның бұзылуы, өмірлік қозғалыстың азаюы, дұрыс тамақтанбау - созылмалы аурулардың артуына алып келді. Өз кезегінде халықтың ауру-сырқаттарға шалдығуы әлеуметтік қамтамасыз ету саласына түсетін жүктемеден асып кетті. Қазіргі кезеңде денсаулық сақтау саласын қаржыландыру мен медициналық жағдайды қамтамасыз ету баса маңызға ие болып келеді. Бұл тақырыптар БҰҰ Бас Ассаблеясының отырысында 2019 жылы талқыланатын болады», - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде технологиялық ревалюцияның қазіргі кезеңдегі дамуы адамзаттың алдына жаңа мүмкіндіктерді ашып отырғанын атап өтті.

«Бүгінгі күні бүкіл әлемдегідей Қазақстанда белсенді түрде цифрлық өзгерістер жүргізіліп жатыр. Одан денсаулық сақтау саласы да қалыс қалмайды. Халықтың денсаулығын қамтамасыз ету - ұлттың әл-ауқатының өсімінің негізі болып табылады. Барлық мемлекеттің басшыларын бұл бағытты мемлекеттік саясаттың басты басымдығы ретінде айқындап алуға шақырамын. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша жаңа Астана декларациясын қабылдау - бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау саласы үшін маңызды кезең болары анық. Бұл бағдарламалық құжат жаһандық деңгейде өмір сапасын арттыруға, адамдардың денсаулығын жақсартуға үлес қосарына сенімдімін», - деді Қазақстан Президенті.

Еске сала кетсек, елордада бүгін медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі Жаһандық конференция өтіп жатыр. Жиында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жаңа Астана декларациясы қабылданатынын жеткізген еді.

Соңғы жаңалықтар