Елбасы металлургтерді кәсіби мерекемен құттықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Металлургтерді кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елбасының ресми сайтына сілтеме жасап.

«Құрметті металлургия саласының еңбеккерлері мен ардагерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Металлург күнімен құттықтаймын!

Осы атаулы күні біз металлургтарға – ерлік пен зор қайрат-жігерді талап ететін мамандық иелеріне, өздерінің абыройлы да ауыр жұмысына берілген еңбексүйгіш жандарға сый-құрмет көрсетеміз.

Менің өзім де домна пеші басындағы еңбекте шыңдалып, тәжірибе жинақтадым. Жұмылған жұдырықтай ұйымшылдықтың, өзара көмек пен нағыз достықтың шын бағасын білдім.

Металлургия – қазақстандық өнеркәсіптің жетекші саласының бірі, онда мыңдаған жоғары білікті мамандар мен басқарушылар еңбек етеді. Олардың қажырлы еңбегі мен асқан шеберлігі еліміздің экономикалық әл-ауқатының берік негізінің бірі болып отыр.

Сіздер алдағы уақытта да Қазақстанның игілігі жолындағы өз жұмыстарыңыздың барысында кәсіби жаңа биіктерді бағындыра бересіздер деп сенемін.

Баршаңызға мықты денсаулық, табыс, бақ-береке тілеймін!»,-делінген құттықтауда.

Айта кетейік, Қазақстанда металлургтер күні шілде айының үшінші жексенбісінде, яғни осы жексенбі аталып өтеді.


Соңғы жаңалықтар