Елбасы мектептерді жаңа құрылғылармен қамту бойынша әкімдерге тапсырма берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімдеріне барлық мектептерді Назарбаев Зияткерлік мектебі стандарты құрылғыларымен қамтуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Білім саласында мұғалімдердің жұмыс жайы жақсарып, олардың айлық еңбекақысы артып келеді. Айлықтарының мөлшері 30 пайызға артты. Тіпті біліктілігін арттырғандардың жалақысы 50 пайызға көтерілді ғой, иә Ерлан (Сағадиев)?», - деді Мемлекет басшысы Білім және ғылым министріне қарата айтқан сөзінде.

Ерлан Сағадиев өз жауабында 200 мың мұғалімнің айлығы 30 пайызға, тағы 34 мың мұғалімнің 50 пайызға артқанын баян етті.

«Міне, көрдіңіздер ме? Бұл мұғалімдер үшін жақсы ғой. Сол секілді ЖОО-лар автономия алды. Мектепке дейін білім беру саласының ауқымы кеңейіп келеді. Өткен жылы елімізде 70 мектеп салынған. Оқу бағдарламасы жаңаруда. Мәселен, Даниал Кенжетайұлы (ШҚО әкімі)-Шығыс Қазақстанда 277 мектеп НЗМ стандарттары бойынша құрылғылармен қамтылғанын баяндады. Ал басқалары неліктен бұл шаруаны атқара алмайды? Жергілікті бюджеттің есебінен бұл мектептерде бірден білім сапасы арта түскен. Әкімдерге аталған үлгі бойынша жұмыс жүргізуді тапсырамын. Аймақтарда адамдар разы болуы керек. Барлық мектептерді интернетпен, көлік құралымен қамту керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Еске сала кетсек, Үкімет үйінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтіп жатыр. Елбасының қатысуымен Үкіметтің мұндай отырысы жыл басында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінгі жиынға Үкімет мүшелері, Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен министрлер қатысуда.

Соңғы жаңалықтар