«Елбасы медалі» жобасына қатысушылар саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан қалаларында «Елбасы медалі» жобасына қатысушылар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды. Бұл күндері Қазақстанның барлық қалаларында «Елбасы медалі» жобасына қатысушылар қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған бірқатар тағылымды іс-шаралар өткізді.

Жобаға қатысушы астаналықтар Отанға опасыздық жасағандардың әйелдерінің Ақмола лагеріне барды. Ал Қарағанды облысында балалар Долинка кентіндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайын аралады.

«Бір кездері бұл қайғылы оқиғалар менің отбасыма да әсер етті. Менің ата-бабаларым жат жерге қашуға мәжбүр болды. Жол-жөнекей отбасының біршама мүшесінен айырылған атам не болса да аман қалды. Меніңше, ұлттық сана тұрғысынан бұл өте маңызды күн. Біз халқымыздың өткенін біліп, есте сақтауымыз керек, қаза тапқан батырларды еске алып, тәуелсіздігімізді бағалауымыз керек», - деді «Елбасы медалі» жобасына қатысушы Ақнұр Тұяқбай

Алматы мен Шымкентте жобаның 100-ден астам қатысушысы 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандары ескерткішіне (Алматы қаласы) және «Ана мен бала» монументіне (Шымкент қаласы) гүл шоқтарын қойды.

«Мен үшін бұл өте маңызды және әсерлі күн. Менің атамды ГУЛАГ-қа алып кетпек болған. Жақын туысыңды алып кетуі мүмкін екенін және сол кезде отбасымыздың қандай күй кешетінін ойлаудың өзі қорқынышты. Мені жиналған балалардың ақылдылығы таң қалдырды, олардың барлығы оқиғаны қызыға тыңдады. Мұндай шараға мен алғаш рет қатысып отырмын», - дейді жобаның 16 жастағы қатысушысы Дарья Иванова.

Сондай-ақ, Павлодар, Түркістан, Атырау, Ақтау, Семей, Қостанай және т.б. қалаларда репрессия кезіндегі тарихи оқиғалар жайлы таныстыру дәрістері өтті. Іс-шараларға қатысқандардың жалпы саны 1,5 мың адамнан асады. Барлық іс-шаралар санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып ұйымдастырылды.

«Шынымды айтсам, осы күнге дейін Шымкентте саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш бар екенін білмеппін. Шараға дейін осы кезең тарихын толығырақ зерттей бастадым және ол маған қатты әсер етті. Еліміздің жастары аштық пен жаппай қуғын-сүргін, қудалау және кінәсіз адамдарды күштеп депортациялаудың салдарын білетініне және ұмытпағанына риза болдым», - деді Шымкент қаласының тұрғыны Бейбарыс Жүсіпбеков.


Соңғы жаңалықтар