Елбасы Қостанай тұрғынына пәтер сыйлады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай қалалық ауруханасының қызметкері Айгүл Сусымбаева өзінің туған күнінде пәтер кілтіне ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Қостанай қалалық ауруханасының қызметкері Айгүл Сусымбаева Елбасына хат жазып, туған күнімен құттықтаған болатын. Ол өз хатында Қазақстанда жүзеге асып жатқан «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы туралы айтып, Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірген еді.

«Мен бұл хатымның Елбасына жететініне сенбей жүрдім. Дегенмен, жақында ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы хабарласып, хатқа жауап қатты. Басшы мырза менің хатымды алғанын және арманым туралы сұрады. Әрине, ол - «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы пәтер алу болатын», - деді қуанышымен бөліскен қала тұрғыны.

Міне, көп ұзамай Айгүл Сусымбаева өзінің туған күнінде армандаған пәтер кілтіне ие болды. Оны облыс әкімі Архимед Мұхамбетов тапсырды.

«Иә, бұл - Елбасының арқасы. Ол кісі менің туған күнімде маған пәтер сыйлады. Мен үшін күтпеген сыйлық болды. Әркім армандаса, соған қол жеткізеді. Қазір жұмыс істеймін деген адамға мемлекет бар жағдайды жасап отыр. Сол себепті, тынбай еңбек ету керек», - деп ағынан жарылды қуаныш иесі.

Айгүл Сусымбаева Федоров ауданынан осыдан 10 жыл бұрын көшіп келді. Қазір қалалық аурухананың азық-түлік бөлімінде жұмыс істейді. Болашақта дәрігер болуды армандайды.

Еске салсақ, бүгін Қостанайда 120 пәтерлік екі үй пайдалануға берілді.

Соңғы жаңалықтар