Елбасы қоры 850 мың адамға көмек көрсетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елбасы қоры 850 мың адамға көмек көрсетті. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры, Қазақстан жастары конгресі Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Дариға Назарбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жолы форум бейнеконференция форматында өтуде. Ешбір техникалық прогресс жеке қауышып, қол алысып қарым-қатынас жасаудың баға жетпес мүмкіндігіне жетпейді. Барлығымыз бір-бірімізді сағынамыз және эпидемияны жеңіп, өмірімз бұрынғы қалпына қайта оралатынына сенімдіміз. Биылғы жыл еліміз үшін және әрбіреуіміз үшін үлкен сынақ жылы болды. Пандемияның қара бұлты адамдардың денсаулығына нұқсан келтіріп, өмірлерін қиып, әлемге қауіп-қатер төндірді», - деді ол «Жаңа жағдайдағы жастар: Іс-қимыл кезеңі» атты онлайн форумның ашылуында.

Осы ретте Дариға Назарбаева жақындарынан айырылған адамдарға көңіл айтты.


«Бұл өте қатал орны толмас қайғы. Басқасының барлығын орнына қайта келтіруге болады. Мен Қазақстан жастар конгресінің барлық белсенділеріне, еріктілерге барлығымыз үшін осындай қиын кезеңде адамдарға адал ниетпен қол ұшын беріп көмек көрсеткендері үшін зор құрметпен алғыс айтам. Біздің еріктілер Елбасымыздың бастамасы - #BIZBIRGEMIZ жобасын сәтті іске асыру үшін көп жұмыс атқарды. Мыңдаған мекенжайларға азық-түлік, дәрі-дәрмектер, санитарлық құрал-жабдықтар жеткізілді. Бірінші кезекте ерекше қажеттілігі бар адамдарға, мұқтаж көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік мекемелерге жеткізілді. Осы кезеңде, көктемде еліміздің барлық тұрғындарының бірлігін, барлығымыздың бірге екендігімізді сезіну өте маңызды болды», - деді Дариға Нұрсұлтанқызы.

Оның атап өтуінше, бұл іске жеке тұлғалар, қоғамдық ұйымдар, жеке компаниялар атсалысты.

«Елбасы Қоры, оның негізін қалаушының тапсырмасы бойынша, 850 мың адамға көмек көрсетті. Қазақ елі жомарт адамдарға бай. Біз олардың мәрттігі мен қайырымдылығы үшін зор ризашылығымызды білдіреміз. Біздің тамаша жастарымыз бар. Елгезек! Жомарт! Жанкешті! Мен сендерді мақтан тұтам!», - деді ол.

Айта кетейік, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан Жастар конгресімен серіктестікте республиканың барлық аймақтарын онлайн форматта байланыстыра отырып, «Жаңа жағдайдағы жастар: Іс-қимыл кезеңі» республикалық жастар білім беру жобасын іске қосты. Аталмыш шара биылғы жылы онлайн форматында өтіп жатқан «Зерен» білім беру лагері аясында ұйымдастырылды.


Соңғы жаңалықтар