Елбасы кітапханасында «Низами Гәнжауи» арт-альбомының тұсауы кесілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында әзербайжан халқының ұлы ақын-философы Ілияс ибн Жүсіп Низамидің (әдеби лақап есімі – Гәнжауи) 880 жылдығына арналған «Низами Гәнжауи» арт-альбомының тұсауы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Альбомға Низами шығармаларының негізінде жарық көрген түрлі танымал суретшілердің 100-ден астам жұмысы енген. Үстіміздегі жыл Әзербайжанда Низами жылы деп жарияланған.

Іс-шараны ашқан Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат: «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор» деп атап көрсеткен болатын. Елбасы кітапханасы ТҮРКСОЙ ұйымының түркі әлемінің ұлы ойшылы Низами Гянджавидің көркем альбомын таныстыру жөніндегі бастамасын қолдады. Бұл еңбектің түркі халықтарының ғана емес, әлем өркениетінің тарихына, ғылымы мен мәдени мұрасына елеулі үлес қосатынына сенімдімін», - деді.

«Сабыр түбін сары алтын санаған Низами Гәнжауи өмір сынағының тап болғандарға тағылым болатынын білген. Төзімділік – шатасқан түйінді шешетін қасиет... Еңбек еткенді қара жер де құр қалдырмайтынын жеткізуге тырысқан Низамидің қазақ тарихы мен мәдениетімен байланысы тығыз. Ұлы ойшылдың шығармашылығы қазақ әдебиетінде жыл сайын көбейіп келетіні бізді қуантады», - деді өз кезегінде Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ағалар Атамоғланов.

Елбасы кітапханасы баспасөз қызметінің атап өтуінше, «Низами Гәнжауи» арт-альбомын құру идеясының авторы – ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов.

«Альбомға енген әр суреттің өзіндік тарихы бар. Басылымның оқырманы мүмкіндігінше көп болсын деп, альбомды ағылшын тілінде жарыққа шығардық. Мұндай маңызды кітаптарды біз сериямен басуды ұйғардық. Олардың қатарында Абай Құнанбайұлы, Олжас Сүлейменов, Шыңғыс Айтматов сынды ұлы тұлғаларға арналған еңбектер бар. Бүгінде Әлішер Науаи, Мақтымқұлы Дәулетмәмедұлына арналған альбомдар әзірлену үстінде. ТҮРКСОЙ түркі әлеміндегі көрнекті тұлғалардың мұрасын жаңғыртуды көздейді», - деді Дүйсен Қасейінов.

Низами мерейтойының тұсында ТҮРКСОЙ Ресей, Беларусь, Украина, Польша, Қырғызстан және басқа да бірқатар елдерде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырды. Низамидің ең соңғы әрі ең маңызды шығармаларының бірі «Ескендірнама» шығармасын қазақ тіліне аударған қазақтың біртуар ақын-ағартушысы Абай Құнанбайұлының мерейтойы да былтыр кең көлемде аталып өтті. Абай Низамиді өзінің ұстаз тұтып, шығармашылығын қатты құрметтеген.

«Низами Гәнжауи» арт-альбомының тұсаукесері фотосуреттер көрмесімен жалғасты. Ісшараға ТҮРКСОЙ ұйымының өкілдері, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломаттар мен ғалымдар, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.


Соңғы жаңалықтар