Елбасы ҚазҰУ-да ЖОО-лар тарихындағы тұңғыш диагностикалық орталықтың тұсауын кесті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы сапары барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Қазақстандағы жоғары оқу

орындары тарихында тұңғыш рет жүзеге асқан медициналық диагностикалық орталықты ашып, ұжым жұмысына сәттілік тіледі. Ашылу салтанатына аталған университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, Кореяның Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру вице-министрі Квон Док Чоль, Қазақстандағы Корея Республикасының Елшісі Бэк Чжу Хён, «KHIDI» Денсаулықсақтау индустриясын дамыту бюросының Бас директоры Ким Чо Иль, «Ёнсэ» университеті жанындағы «Кангнам Северанс» емханасының бас директоры Ким Хен Джун, аталған университеттің медициналық институтының деканы Ли Бён Сок қатысты. Мемлекеттік және жеке меншік серіктестік арқасында университет жанындағы осындай айрықша орталықты құруға қол жетті.

2011 жылдың тамызында Оңтүстік Корея президенті Ли Мен Бактың Қазақстанға сапарынан соң екі елдің денсаулық сақтау министрліктерінің арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын. Жобаның мақсаты: ҚР денсаулық сақтау және білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, медицина саласындағы елдің ғылыми-кадрлық әлеуетін дамыту, халықаралық ынтымақтастықты, инновациялық медициналық технологиялар трансфертін кеңейту, медициналық қызметтер өндірісімен ғылыми-зерттеу және білім беру қызметін интеграциялау. Жобаны жүзеге асыруға алғашқы қадам оңтүстіккорейлік әріптестермен медициналық диагностикалық орталық ашу болды.

Ол аталған оқу орны аумағында 2400 шаршы метр жерді алып жатыр. Жобаға 1,2 млрд теңге көлемінде инвестиция салынды. «Осы жобаның жүзеге асуына өз үлесін қосқан әр азаматқа алғысымды білдіремін. Сіздер білім-ғылым, денсаулық сақтау саласында өзара ынтымақтастықты нығайтуға серпін бердіңіздер. Қазақстандағы студенттерге арналған тұңғыш медициналық орталық елдегі денсаулық сақтау саласының деңгейі жоғарылағанын көрсетеді», - деді ҚазҰУ-дің ректоры. ЖОО басшысы сондай-ақ жобаны іске асыруға Елшілік, Денсаулық сақтау министрлігі, Денсаулық сақтау индустриясының бюросы, Денсаулық сақтау индустриясын дамыту институты, Денсаулық сақтау саясаты министрлігі, «ПОСКО» компаниясы және Корея Республикасынан басқа да әріптестер тартылғанын атап өтті.

Аталған орталықта университет студенттері тегін скринингтік тексеруден, диагностикадан өтеді. «U-Health» телемедициналық жобасы арқылы онайн режімде «Кангнам Северанс» мамандарының кеңесін ала алады. «Ёнсэ» университеті ҚазҰУ-дың диагностикалық орталығы үшін медициналық мамандар даярлау бағдарламасына қатысты. 18 адам «Кангнам Северанс» клиникасында арнайы бағдарлама бойынша оқытудан өтті. Корейлік тарап орталық менеджментті ұйымдастыруға жәрдемдеспек. «Біздің клиникада 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Келісімге қол қойған күннен бастап, олардың барлығы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ді Қазақстанның беделді жоғары оқу орны ретінде біледі, әрі қарай достығымыз бен ынтымақтастығымыз жалғаса түспек. Жоба бойынша алдағы жоспарларымыз мерзімінде іске асып, қазақстандық азаматтардың денсаулығын жақсартуға септігі тиетініне сенімдіміз», - деп атап өтті «Кангнам Северанс» клиникасының бас директоры Ким Хен Чжун. Диагностикалық орталықтың ашылуы барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Биология мен биотехнология факультеті мен «Ёнсэ» медициналық университеті колледжінің арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар