Елбасы Қазақстанның Түркі кеңесіндегі төрағалығын қорытындылады

None
None
ШОЛПАН-АТА. ҚазАқпарат - Түркі елдері ынтымақтастық кеңесінің VI саммитінде Қазақстан төрағалық міндетін Қырғызстанға тапсырды. Ал ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы уақытқа дейін атқарылған жұмыс бойынша есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның төрағалығы кезінде түркі мемлекеттерінің интеграциясы өз жалғасын тапты. Атап айқанда, Астанада өткен саммитте түркі тілдес елдері интеграциясының тұжырымдамасын әзірлеу тапсырылған болатын. Ол құжат дайын болды. Онда интеграцияның мақсаттары мен қағидаттары, даму кезеңдері мен іске асыру жолдары айқындалды. Сондай-ақ, бәсекеге қабілетті ұлттық экономиканы құруға, мәдени-гуманитарлық байланыстарымызды тереңдетуге ықылас таныттық. Білім, ақпараттық технологиялар, энергетика, көлік-транзит, қаржы салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды», - деді Н.Назарбаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстанның төрағалығы кезінде ғылыми-ағартушылық жұмыстарға да ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, ортақ түркі тарихына арналған оқулық әзірленді.

«Аталған оқулықтың елдеріміздің мектеп бағдарламасына енгізіле бастағаны қуанышты жайт деп санау қажет. Бұл жастарды ортақ тарихи-мәдени мұралардың негізінде тәрбиелеудің тиімді тетігі болады деп сенемін. Сонымен қатар, Түркі академиясы тарихымызды танытып, сананы жаңғыртуға бағытталған 90-нан астам кітап шығарды. 4 мың жылдық мәдени-мұрамызды жинақтап, оны жариялауға арналған «Аталар мирасы» порталы іске қосылды. Туысқан елдердің тіршілік тамырын басып отыратын «Түркі барометрі» әлеуметтік-зерттеу жобасы іске асырыла бастады», - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, туризм саласын жандандыру мақсатында «Заманауи Ұлы Жібек жолы» атты жоба іске қосылды. Аталған жоба асында Ұлы Жібек жолында орналасқан елдердің киелі орындарын 14 күнде аралап шығуға болады.

«Біз бұның барлығын түркі интеграциясының толайым табыстары ретінде бағалаймыз. 2015 жылы Астанада өткен V саммитімізден бері түркі тілдес халықтарының саяси байланысы нығая түсті. Мәселен, осы уақыт ішінде Түркі кеңесінің мемлекет басшылары екіжақты кездесулер өткізіп, өзара сапар алмасты. Аталған үрдіс елдер арасындағы сауда-экономикалық және әлеуметтік қатынастардың кеңеюіне мүмкіндік берді. Атап айтқанда, Түркі кеңесі мемлекеттері арасындағы сауда-айналымы артты. Сонымен қатар, көне түркі интеграциясы үшін маңызы зор Орталық Азия мемлекеттері ынтымақтастығының жаңа белеске көтерілгенін атап өткім келеді. Биыл наурызда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Астанада өткен кездесуі соның бір дәлелі. Бұндай басқосуды біз ары қарай жүргізуге келістік. Ендігі кездесу келесі жылы наурыз айында Ташкентте болады», - деді Н.Назарбаев.

Айта кетейік, бүгінгі саммитке Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан мен Мажарстан басшылары қатысты. Отырыс барысында Нұрсұлтан Назарбаев кеңеске қарасты кейбір ұйымдарды қысқартуды ұсынды.  Кеңес мүшелері ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысын мақұлдады.  Алдағы уақытта «Рухани жаңғырудың» жобалары түркі әлеміне таралады. Өзбекстан ұйымның жұмысына қатыса береді. Ал Мажарстанға бақылаушы мәртебесі берілді. Сондай-ақ, кеңес мүшелері маңызды құжаттарға қол қойды. Оның ішінде түркі тілдес елдердің интеграциясына арналған тұжырымдама да бар. Кеңестің Бас хатшысы ауысты.   Келесі саммит Әзербайжанның Баку қаласында өтеді. 


Фото: kabar.kz

Соңғы жаңалықтар