Елбасы Қазақстанның болашағына қатысты ойымен бөліседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай қазақстандық көрермен 6-7 шілде күндері тамашалайтын «Пусть следующие поколения сделают лучше меня...» деректі фильмін түсіру барысындағы кейбір деректермен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жоба атауы - бұл фильмге сұхбат жазу барысында Елбасы айтқан сөз. Нұрсұлтан Назарбаев осынау сөз орамымен бүкіл өмірін, Қазақстанның Тұңғыш Президенті лауазымында гүлденген мемлекет құруға, қазақстандық қоғамды үлесімділік пен әл-ауқатқа қол жеткізуге арналған қызметін атап өтеді. Бүгінде ол өз ісін жалғастырып, еліміздің тәуелсіздігін нығайтатын, халқымыздың бейбітшілігі мен бірлігін сақтайтын қазақстандықтардың келесі буынына үлкен сенім артады», - деді Айдос Үкібай.

Оның атап өтуінше, деректі фильм Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихына, елдің халықаралық беделінің нығаюына және жаңа елорда құрылысына қызығушылық танытқан барлық көрерменге арналады.

«Бірақ, мемлекеттің 30 жылдық тарихын 50 минуттың ішінде айтып шығу мүмкін еместігін түсіну қажет. Сондықтан біз еліміздің қалыптасуының негізгі аспектілеріне, бұл процестегі Тұңғыш Президент тұлғасының рөлі мен маңызын ашуға басымдық бердік. Фильмді түсіру жұмыстары осы жылдың наурызы мен маусым айлары аралығында жүргізілді. Бастамамызды жүзеге асыруға Нұрсұлтан Назарбаев қоры үлкен қолдау көрсетті. Жоба үшін БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, ММУ ректоры Виктор Садовничпен, журналист Михаил Гусманмен, өзге де танымал саяси және қоғам қайраткерлерімен сұхбат жаздық», - деді ол.

Тұңғыш Президент баспасөз хатшысының атап өтуінше, фильм өткен оқиғаларға ғана арналмаған. Журналист Айгүл Әділова Елбасымен сұхбаттасу барысында Қазақстанның және жалпы әлемнің болашағына қатысты ой-пікіріне де қызығушылық танытқан.

«Нұрсұлтан Назарбаевтың осы және өзге де сауалдарға жауабын есту үшін деректі фильмді «Хабар« телеарнасынан 6 шілде күні сағат 21-40-та, «КТК« телеарнасынан 7 шілде күні сағат 20-00-де тамашалауға кеңес береміз», - деді Айдос Үкібай.

Соңғы жаңалықтар