Елбасы: Қазақстандықтар Президент нұсқаған бағыт төңірегінде топтасуы керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев басшылығымен іске асып жатқан кешенді әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету маңызды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа заман шындығы әлеуметтің, мемлекеттердің және тұтас өңірлердің жікшілдігін шиеленістіре түсті. Әлемде ашық популизм көбейіп, адамдардың дүниетанымы мен мінез-құлқын өзгертіп жатыр. Дәстүрлі ұстындар мен отбасылық құндылықтарға қысым күшеюде. Жаһандық тұрақсыздық бір-екі жыл ғана созылып жатқан жоқ. Сондықтан «Nur Otan»-ның соңғы парламенттік сайлауда партия ұсынған сайлау «Сынақтарды еңсеріп, бірге жеңеміз!» ұраны өзекті болып қала береді», - деген Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының міндеті адамдарды ажырату емес, біріктіру екенін атады.

«Біздің тарихымыз осы жолдың дұрыстығын дәлелдеді. Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен кешенді әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жүзеге асырылуда. Оларды заңнамалық қамтамасыз ету маңызды мәнге ие болып отыр. Жаңа Парламент жұмыс істей бастағаннан бері Мәжіліс қарауына 128 заң жобасы енгізілді. 80 заң қабылданды. Олардың 19-ын «Nur Otan» фракциясының депутаттары әзірледі», - деді Тұңғыш Президент.

Оның айтуынша, депутаттар дағдарысқа қарсы шараларды қолдауға бағытталған заңдарды уақтылы қабылдай отырып, пандемияның күрделі кезеңінде табысты жұмыс істеген.

«Депутаттық корпус бұл жұмысты жалғастыруға тиіс. Барлық қазақстандықтардың Президенттің нұсқаған мемлекеттік бағдар төңірегінде топтасып, оны іске асыру үшін бірге жұмыс істеуі маңызды. «Nur Otan» партиясы билік пен қоғамды біріктіре отырып, бұл мәселемен белсенді түрде айналысуы тиіс», - деді Елбасы.



Соңғы жаңалықтар