Елбасы: Қазақстандықтар америкалықтардай биржамен жұмыс істеуді үйренуі керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Америка халқының 70 пайызы акция арқылы қосымша ақша тауып отыр. Қазақстандықтар да осы көштен қалмауы керек. Отандық БАҚ өкілдерімен кездесу өткізген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Мұнда Астана қаржы орталығы (ЭКСПО аумағында - авт.) құрылады. Қазақстандықтар қазір биржамен жұмыс істеуді білмейді. Акциямен жұмыс жүргізуден хабарсыз. Америка халқының 70 пайызы акция арқылы қосымша ақша тауып, акциялардың бағасын бақылап отыр. Сондықтан, біз де қазақстандықтарды акцияға ақша салып, компаниялардың қалай жұмыс істейтінін бақылауды, дивидендтерді алып, осы арқылы баюды үйретеміз», - дейді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы, сонымен бірге, ЭКСПО аумағында жасыл технологияларды тарату орталығы ашылып, компаниялардың өндірістік стартапы жұмысқа кірісетінін атап өтті. ЭКСПО аумағында ІТ-технологтар еңбектенеді.

«Мен бұл күнде бас судьяны да бекітіп қойдым. Себебі, мұнда ағылшын жүйесіндегі сот жұмыс істеп, ағылшын судьялары еңбек ететін болады. Ең бастысы - сенім керек. Келіспеушіліктер қайда шешіліп, шетелдік компаниялар қалайша ақша құя алады? Ол үшін заңның құзіреттілігі керек. Демек, бұның барлығы жұмыс атқаратын болады. Инфрақұрылым мен индустриализацияға не үшін ақша салып жатырмыз? Өйткені, биржалық тауарлардың бағасы өте тез өсіп барады. Ал бұл уақытта отыра берсек, мүлде ақшасыз, зейнетақысыз, айлықсыз қаламыз. Барлығы да қолымыздан келетін деңгейде, бағдарлама шеңберінде жүзеге асатын болады», - дейді Елбасы «Астана» қаржы орталығы турасында.

Еске сала кетсек, 22 желтоқсан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі жетекші БАҚ өкілдеріне 2017 жылды қорытындылауға арналған сұхбат берді. Онда қазақ қоғамындағы елеулі өзгерістер мен өзекті мәселелер туралы журналистер сұрағына жауап берді. Аталмыш сұхбаттың телевизиялық нұсқасы бүгін республикалық телеарналардың эфирінен көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар