Елбасы: Қазақ тарихы өзгенің жерін жаулау емес, өз жерін қорғаудан тұрады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ тарихының бәрі өзгенің жерін жаулау емес, өз жерін қорғаудан тұрады. Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» арнасындағы «Назарбаевпен ең бастылар жайлы...» атты деректі сұхбатында осылай мәлім етті.

Сұхбат барысында журналист Ерлан Бекхожин «Мәңгілік Ел» идеясының маңыздылығын сұраған болатын.

«Мемлекет халықтың рухани дамуын еш уақытта естен шығармауы керек. Қандай да бір дамыған экономика халықтың рухани байлығынсыз, білімділігінсіз, дінінсіз тұрлаулы болмайды. Сондықтан да біз бұл рухани қолдауды еш уақытта ұмытқан емеспіз», - деді Н. Назарбаев. Бұл ретте Елбасы Қазақстандағы дінаралық түсіністік пен келісімнің маңыздылығын айта келе, Мәдени мұра бағдарламасының нәтижелеріне де тоқталды. Президенттің айтуынша, аталған бағдарлама әсіресе, ұлт тарихында тың серпіліс әкелді.

«Биыл біз Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлаймыз. Қазақ атауы алғаш рет осы тұста көтерілді, мұны ұмытпауымыз керек. Бұған тарихи деректер арқылы лайықты жауап беріп, біздің Қазақ елі аспаннан түспегенін, дархан даламызда дамып, бабаларымыз ұлы байтағымыз үшін қанын төккенін дұрыс дәріптеуіміз керек. Ата-бабамыздың дәл бүгінгідей күнді армандағанын да естен шығаруға болмайды. Сол үшін біздің тарихта Керей мен Жәнібек хандардан бастап бәрін тізбектеп шығуға болады. Бұл біздің бабаларымыздың ұлт ретінде сақталып қалу үшін жанын берген тағдырлы да тарихи жылдар»,- деді Н. Назарбаев.

Сонымен бірге Елбасы тарих мәселесіне тоқтала келе хатқа түсіп, мәлімет ретінде сақталмағандықтан ұлт тарихына қатысты дүниелердің көбінен айырылып қалғанымызды айтты. Дегенмен, аңыздар ел аузында сақталып келеді, ол жоғалған жоқ, соның ізімен тарихты да жаңғырту маңызды. Осы ретте Елбасы бүгінгі күні ұлт тарихына қатысты дереккөздер көп жерлерден іздестіріліп жатқанына да тоқталды.

«Мен осы сұхбатты пайдалана отырып, қазақ халқының тамыры тереңде жатқанын айтып өткім келеді. Біз сақтар мен ғұндардан бастау аламыз, солар - біздің бабаларымыз. Содан кейін Түрік қағанаты құрылды, ол Батыс, Шығыс қағанаттары болып бөлінді. Осы түрік қағанатының негізінде қазақ даласында мемлекеттік құрылым пайда болды, кейіннен әлемнің төрт бұрышынан жаулаушылар шықты. Шыңғысханның қол астындағы сарбаздардың басым бөлігі қазақ даласындағы рулардан құралды. Одан кейінгі жылдары Жоңғарлардың басқыншылығы. Осының бәрін бізге кезінде айтуға тыйым салып келген еді, енді кімнен қорқамыз? Біздің тарихымызды бәрі - жаулау емес, керісінше өз туған жерін қорғаумен байланысты. Өзінің жерін, халқын қорғау, ұлтын сақтап қалу үшін қазақтар ұдайы соғыспен күнін өткізді. Ешқашан ешкімге соқтыққан емеспіз, жай жатқан ел болдық. Осының бәрін қайта жаңғыртып, балаларымызға тарих-тамырымыздың тереңдігін түсіндіруге тиіспіз. Тарихтың бәрін тірнектеп жинап, қайта жазуға тиіспіз. Бұл өзімізді көрсету үшін емес, қарапайым ғана шыққан тегіміздің қайдан екенін, тарихымызды біліп, келешек ұрпаққа білдіру үшін. Бұл кез келген халықта бұл бар, мәселен Ресей өз тарихын ұмытпайды, ұлықтайды. Америка, Ұлыбритания халқы өз тарихын жақсы біледі. Әркім өзінің тарихын айтқанды ұнатады. Бізге де бұл қажет. Аңыздарымызда не айтылушы еді? Ұлттың, халықтың қаһармандығы туралы емес пе? Елін, жерін қорғаған, жұртын азат еткен батырлар туралы емес пе? Ендеше, бұндай тарих ты жазу кімді ренжітеді?», - деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар