Елбасы: «Қазақ еліне мың алғыс» монументінің тарихи маңызы зор

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов пен өңір тұрғындарына алғыс хат жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Хатта Елбасы Астананы көркейтуге қосқан үлесі үшін Қарағанды облысының әкімі мен өңір халқына шынайы ризашылығын білдірген.

«Тәуелсіз Қазақстанның символы саналатын бас қаламыздың айтулы мерейтойы - барша қазақстандықтарға ортақ қуаныш. Сарыарқа төсіне қазығын қаққан еңселі елордамызды тұрғызуға бүкіл халқымыз жұмыла атсалысты. «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Қарағанды облысы да елордаға ерекше сый жасады. Еліміз үшін «Қазақ еліне мың алғыс» монументінің тарихи маңызы зор. Бұл монумент біздің елге күштеп көшірілген халықтардың қасіретті өмірінен сыр шертіп, қазақтардың дархандығы мен адамгершілігін, көпұлтты қоғамымыздың достығы мен бірлігін бейнелейді» делінген алғыс хат мәтінінде.

Елбасы сонымен бірге, Қарағанды облысы Астанаға сыйға тартқан «Ұлытау» аллеясы жайлы да сөз қозғайды.

«Елорданың Ботаникалық бағындағы қарағандылықтар салған «Ұлытау» аллеясы қаланың сәнін келтіріп, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналатын болады. Астананы көркейтуге зор үлес қосқан Сізге және өңір тұрғындарына шынайы ризашылығымды білдіремін» дейді Н.Назарбаев.

Еске сала кетейік, Қарағанды облысы елорданың 20 жылдығына орай «Ұлытау» аллеясы мен «Қазақ халқына мың алғыс» атты монумент тарту еткен-ді. «Ұлытау» аллеясы тарихи-мәдени жәдігерлерімен құнды. Аллеяның ұзындығы - 250, ені - 55 метр. Саябақтың бір ерекшелігі - мұндағы әр ескерткішке QR-код қойылған. Тарту-таралғы қатарында «Қазақ еліне мың алғыс» монументі де бар. Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысымен биіктігі 13 жарым метр болатын ескерткіш бой көтерді. Бұл - нәубет заманда тағдырдың тәлкегіне ұшырап, қазақ жеріне жер аударылған өзге ұлтты бауырына басқан қазақ халқына тағзым. 

Соңғы жаңалықтар