Елбасы Каспийдің экожүйесін қорғау үшін бесжақты құжатты бекітуді ұсынды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Каспий маңы мемлекеттерінің бесінші саммитінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев теңіздегі биоресурстарды қорғауға арналған бесжақты құжатты бекітуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысы Каспийдің нәзік экожүйесін сақтауға лайықты түрде назар аудармаса әрі ұжымдық күш-жігер болмаса, онда өңірдің гүлденуі мүмкін емес екенін атап өтті. 

«Каспий экожүйесін сақтау бойынша жұмыста негізгі екпін бекіре тұқымдастарының гендік қорын қорғауға қойылуы тиіс. Әлемдік популяцияның басым бөлігі Каспий теңізінде мекен етеді. Бұл балықтың әлемдік деңгейдегі 90 пайызы - бізде. Соңғы 10 жылда балық саны он есеге азайған. Бұл тұрғыда осы мәселені назарға алу керек», - деп тоқталды Н. Назарбаев. 

Осы орайда Президент 2014 жылы Астрахан саммитінде су ресурстарын қорғау жөнінде келісім бекітілгенін еске салып өтті. Арнайы үкіметаралық комиссия құрылып, олардың алдына теңіздің билогиялық ресурстарын тұрақты дамыту мақсаттары жүктелді.

«2010 жылдан бастап бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын сақтау мақсатында балықты коммерциялық аулауға мораторий күшіне енді. Біздің көзқарасымыз бойынша, тараптар іске асырған шаралардың тиімділігі жеткіліксіз болып тұр. Тек Қазақстанның шекара қызметінің шаралары аясында балықты заңсыз аулағандарды құрықтау деңгейі артып келеді. Сонымен бірге, тәркіленген аулар мен балық аулаудың өзге де құралдарының саны көбейіп жатыр. Осыған байланысты теңіздің бірегей экологиялық жүйесін сақтау мақсатында жақын арада бесжақты құжатты бекіту ұсынылады. Ол құжат биоресурстарды заңсыз аулаумен күреске қатысты. Бұл бағыттағы жұмыстар 2010 жылы басталғанына қарамастан, біз оны әлі де лайықты деңгейге жеткізе алмадық»,-деді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар