Елбасы кәсіпкерлікке қатысты заңға не үшін жария түрде қол қойғанын түсіндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға неліктен жария қол қойғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін мен кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіруге бағытталған заңға қол қоямын. Осылай ашық түрде қол қоюдың себебі, бұл құжат өте маңызды деп есептеймін, әсіресе кәсіпкерлерге. Халыққа кеңінен түсіндіруіміз керек. Кәсіпкерлер заңның мән-мағынасын білуі керек. Шағын және орта бизнесті дамыту еліміздегі өте маңызды талаптардың бірі. Сондықтан мен Тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап бұл мәселені қолға алып, ылғи реттеп келемін. Кәсіпкерлікпен айналысуға қолайлы жағдай жасау үшін жүйелі жұмыс жүргізіп келгенімізді білесіздер. Бизнес пен билік арасында серіктестік қатынастар орнату маңызды міндет болып саналады. Сол арқылы кәсіпкер қауымының мемлекетке деген сенімі арта түсетін болады», - деп атап өтеді Мемлекет басшысы Ақорданың баспасөз қызметі таратқан бейнежазбада.

Сондықтан Елбасының атап өтінше, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды Парламент қабылдаған.

«Енді мен бүгін соған қол қоямын. Бұл бизнесті дамыту, жағдай жасау жолындағы тағы да бір үлкен қадам болып саналады. Бұл құжат бизнес саласын түбегейлі жақсартуы керек. Менің тапсырмамды орындау мақсатымен қабылданып отыр. Заң мемлекеттік органдардың қадағалау функциясын қысқарту арқылы бизнес өкілдерінің еркін жұмыс істеуіне жол ашады. Біз алдағы уақытта да кәсіпкерлікті өркендету үшін қолайлы жағдай қалыптастыра береміз. Бизнес қоғамдастығы елімізді өркендетуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға белсенді ат салысады деп сенемін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы ретте Қазақстан Президенті жақында қабылданған 5 әлеуметтік бастаманың орындалуы барысында да бизнеске үлкен жол ашылатындығын ескертті.

«Соның алдында заңнамаға өзгерістер, толықтырулар енгізіп, тағы да жақсы жағдай жасағалы отырмыз», - деді Елбасы.

Еске салайық, бүгін Н.Назарбаев кәсіпкерлік қызметке қатысты заңға жария түрде қол қойды.

 

Соңғы жаңалықтар