Елбасы қамқорлығымен Аралдың ажары арта түсті – Қарлығаш Ақышева

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Тұңғыш Президент күніне орай еліміздің білім беру мекемелерінде «Тәуелсіздіктің жеті қыры» атты фильмдер топтамасы көрсетіліп жатыр. Бұл фильмдерді тамашалаған көрермендер қатарында Қызылорда қаласындағы Е. Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернатының ұжымы да бар. ҚазАқпарат тілшісі білім ордасының директоры Қарлығаш Ақышевамен аталған туындыдан алған әсері жөнінде ой бөліскен еді.

«Айта кетерлігі, аталған деректі фильм еліміздің өткенін сараптап, болашаққа бет алған жолымызды көрсеткен бағдар болды. Тарихи сананы жаңғыртуға, жастарды патриоттық сезімге баулуға зор септігін тигізді. Алға ұмтылыс жасауға серпін беріп, ел ертеңінің жарқын болуына тура жол сілтеді. Ұлт тарихын санаға сіңіру еліміздің барша азаматтарының бойында патриоттық сезім туғызып, әрбірімізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Өткенімізді білмей, болашағымызды айқындау мүмкін емес. Елімізде бүгінгі күнге дейін экономикамыздың дамуы, гүлденуі жолында ауқымды істер атқарылды. Ендігі жерде түп-тамырымызға қайта келіп, шын мәнінде рухани жаңғыру бағытында оң істер қолға алынды», - деді Қ. Ақышева бізбен әңгімесінде.

Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдарында Елбасының қолдауымен Сыр өңірінде де айшықты істер жүзеге асты. Солардың бірі - Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу жобасы.

«Бұл мақсатта Халықаралық Аралды құтқару қоры ауқымды жұмыс жүргізді. Ол игілікті істерге жол ашты. Арал төңірегін экологиялық тұрғыдан сауықтыру бағытында жаңашыл бастамалар қолға алынды. Сол аумақтағы әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу жөніндегі көптеген бағдарлама дүниеге келді. Елбасының қамқорлығы арқасында Дүниежүзілік банктің қолдауымен осылайша теңіздің солтүстік бөлігі қалпына келтіріліп, жергілікті жұртшылық айрықша қуанышқа бөленді. Қазір теңіздің солтүстік бөлігі Арал қаласына жақындай түсті. Ол жергілікті халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға оң ықпалын тигізді, Мұнда баяғы тіршілік ауаны қайта жалғасты. Балық аулауға, жұмыс орындарын құруға мүмкіндік туды. Теңіз тартылған соң нәпақасынан айырылып, тұзды шаңнан қиындық көрген көпшілік Аралға қайта орала бастады. Жарасымды өмір өрнектері көз алдымызда қайта жаңғыра түсті. Деректі фильмді тамашалау барысында осындай оң бастамалар кеңінен көрініс тапқан», - деді Қ.Ақышева.

Естеріңізге сала кетелік, Тұңғыш Президент күні қарсаңында еліміздің білім беру мекемелерінде «Тәуелсіздіктің жеті қыры» деректі фильмдер топтамасы көрсетіле бастады. Олардың негізінде сынып сағаттары, ашық сабақтар, дөңгелек үстелдер, пікірталастар және кураторлық сабақтар өткізіледі. 2,8 млн-нан астам мектеп оқушысын және жоғары оқу орындары мен колледждердің 700 мыңнан астам студентін қамту жоспарланып отыр.

Басты фото: vmulder.livejournal.com
Соңғы жаңалықтар