Елбасы: Индустрияландыру - жаңа жоба, жаңа жұмыс орны мен жаңа табыс

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы жылдары желтоқсан айында индустрияландыру күнін өткізу, ондағы телекөпір аясында өңірлерде әлеуетті жобаларды іске қосу дәстүрге айналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан биылғы шара «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» тақырыбын қамтып отыр.

Қазақстан экономиканы ілгерілету үшін Индустрияландыру бағдарламасын ашып, біраз нысанды ел игілігіне қосып келеді. Бұл саясат экономиканы әртараптандырып, әлемдік нарықта оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруды мақсат еткен. Бақсақ өткен жылдар ішіндегі нәтижеге сай, экономика индустрияландыру игілігін көре бастаған. Мысалы, Индустрияландыру бағдарламасы іске асқан жылдары барлығы 6,6 трлн теңгеден астам соманың 1 148 жобасы іске асып, 107 мың тұрақты жұмыс орны ашылыпты. 2010-2014 жылдардағы бірінші бесжылдықта Индустрияландыру картасы аясында 3 трлн теңгенің 770 жобасы іске қосылып, 76 мың тұрақты адам жұмысқа ие болды. Ал Индустрияландырудың екінші бесжылдығы басталғалы 3,1 трлн теңгенің 378 жобасы іске қосылып, 31 мың тұрақты жұмыс орны құрылған. 2018 жылы жалпы сомасы шамамен 1,2 трлн теңге болатын 100 нысан қатарға қосылып, 13 мың жұмыспен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл әжептәуір көрсеткіш. Осындай нәтижелерді саралап, алдағы межені анықтай түсу мақсатында желтоқсан айында дәстүрлі Индустрияландыру күні өтіп келеді.

nullИндустрияландыру күні аясында әдеттегідей еліміздегі индустрияландыру саясатының биылғы қорытындысы жасалып, өңірлердегі бірқатар жаңа жобалар іске қосылды. Ал жаңа жоба деген бұл не? Бұл - жаңа жұмыс орындары, жаңа мамандықтар, түптеп келгенде елдің қосымша жаңа табысы. Сондықтан да, Президент Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды, ел тұрғындарын жаңа табысымен құттықтады.

Әлемнің 110 елі Қазақстанның өнімін тұтынады

Айта кетерлігі, Қазақстанда экономиканы әртараптандыру, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай қалыптастыру, инвестициялық ахуал мен сот жүйесін жақсарту жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұның бәрі түптеп келгенде бір ғана мақсатты көздейді. Елбасы жариялаған былтырғы Үшінші жаңғыру, Бес әлеуметтік бастама мен биылғы Жолдаудың негізгі мақсаты - қазақстандықтардың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру. Ал индустрияландыру орнықты және әртараптанған экономиканы құру үдерісінде негізгі рөл атқарады. Президент те телекөпір барысында осы мәселегі тоқталды. Елбасының айтуынша, елімізде индустрияландыру кезеңінде 1250 жаңа кәсіпорын құрылса, соның ішінде 100 кәсіпорын биыл іске қосылған. 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Бүгінде әлемнің 110 елі Қазақстанда шығарылған өнімді тұтынып отыр екен. Ал соңғы жылдары бұған дейін елімізде жасалмаған бұйымдардың 500-ден астам түрін шығарылып, 50-ге жуық жаңа тауар түрі экспорттала бастаған. Сосын шетелден келген инвестицияның төрттен бір бөлігі өңдеу секторына тиесілі екен. null       

«Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін қамти отырып, өнеркәсіпті технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру индустрияландыру бағдарламасының маңызды құрамдас бөлігі саналады. Қазақстан экономикасы әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін дамудың түбегейлі жаңа моделіне көшуге тиіс. Еуразия экономикалық одағы және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» халықаралық бастамасы аясындағы қазіргі экономикалық әлеуетті мейлінше тиімді пайдаланып, оны арттыру қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

nullБұдан бөлек, Елбасы индустрияландырудың үшінші бағдарламасының стратегиясын нақты нәтижелерге бағыттай отырып, жан-жақты пысықтау керектігін атап өтті. Нәтижесінде 2025 жылға қарай еңбек өнімділігі 1,7 есе, өнімді экспорттау көлемі 2,3 есе өсуге тиіс. Бұл үшін не істеледі? Президент осыған да тоқталды.

nullБіріншіден, өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға қосымша 500 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражат экспортқа бағытталған кәсіпорындарға қаржылай және қаржылай емес кешенді қолдау көрсетудің құралдарын көбейтуге жұмсалмақ.

Екіншіден, «Қарапайым заттар экономикасын» дамытуды ынталандыру қажет. Технологиялық тұрғыдан күрделі емес тұтыну заттарының импортын алмастыруға күш жұмылдыру керек. Бұл үшін екінші деңгейлі банктердің басымдыққа ие жобаларын несиелендіру үшін қосымша 600 миллиард теңге бөлінетін болады.

Үшіншіден, еңбек өнімділігін арттыру және жеке секторды нығайту маңызды.

«Экономиканың нақты секторына ғылыми-техникалық қызметтер нәтижесін енгізу жөніндегі жұмыстарды жандандырған жөн. Мысалы, қазірдің өзінде Назарбаев Университетте 120 ғылыми-зерттеу зертханасы ашылды. Ғылыми әзірлемелер өндірістік міндеттерді шешуді көздейтін нақты кәсіпорындардың тапсырыстарына, соның ішінде жеке инвестициялар есебінен берілетін тапсырыстарға бағытталуға тиіс», - деді Елбасы.null

Осыған байланысты мәселелерге тоқтала келе, Нұрсұлтан Назарбаев индустриялық даму үдерісіне «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен IТ-стартаптардың халықаралық технопаркін тарту қажеттігіне тоқталды. Бұл ретте, Үкіметке әртараптандыру және индустрияландыру мәселелерін кешенді түрде шешуге күш жұмылдыру жүктелді.

Жаңа кәсіпорын - жаңа экономика, жаңа табыс

Телекөпір барысында Елбасы дәстүр бойынша өңірлердегі бірқатар маңызды жобаларды іске қосуға пәрмен берді. Атап айтқанда, «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» мен Қарағанды облысының катодты мыс өндіретін «Алмалы» кен орнындағы «Sary-Arka Copper Processing» кәсіпорны жұмысын бастады. Сонымен қатар Павлодар облысындағы «Проммашкомплект» темір жол доңғалақтарын өндіретін кәсіпорын іске қосылды. Машина жасау және құрылыс индустриясы саласындағы бұл кәсіпорын темір жол доңғалақтары өндірісін жылына 75 мыңнан 200 мыңға дейін ұлғайтуды көздейді. Маңыздысы өндірістік қуатқа шыққаннан кейін «Проммашкомплект»-те жұмыс істеушілер саны мың адамнан асады, ал өнім негізінен сыртқы нарыққа шығады.null

Онлайн-режимде Президент іске қосқан нысандардың қатарында Шымкенттегі қуаты 110-220 кв трансформатор шығаратын «Asia Trafo» зауыты, Қызылорда облысындағы қуаты жылына 1 млн тонна болатын «Гежуба Шиелі Цемент» Қазақстан-Қытай инвестицялық жобасы, Алматыдағы қуаты жылына 550 мың тонна қоқыс өңдейтін «Green Recycle» ЖШС кешені және Петропавлдағы қажетті халық тұтынатын тауарлар мен полимерлерді толық циклда қайта өңдейтін «Радуга» ЖШС металл-пластикалық бұйымдар зауыты бар.

Бұған қоса «KEGOC» АҚ индустрияландыру күнінің аясында «Семей - Ақтоғай - Талдықорған - Алматы» «Солтүстік - Шығыс - Оңтүстік» жобасының екінші кезеңін іске қосты. Онда 500 кВ жаңа үш қосалқы станса мен 1770 шақырым электр желісі салынған. Бұның нәтижесінде еліміздің оңтүстік аймағы электр қуатымен қамтамасыз етіліп, шығыс өңірінде тау-кен өнеркәсібі дамитын болады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі арта түспек.null

Тағы бір маңызды мәселе - Қазақстанның оңтүстігінен орталыққа қарай «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құрылысы басталды. Бұл Астанаға газ жеткізуді қамтитын жоба. Газ құбыры «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағдары бойынша өтеді. Оның жалпы ұзындығы 1 061 шақырымға тартылады және бір жылдағы газ өткізу мүмкіндігі 2,2 млрд текше метрге жетеді. Аталған жобаны іске асыру 2 млн 700 мың қазақстандықты газбен қамтамасыз етуге жол ашады.

Ақтөбе облысында қуаты 300 млн м3 болатын Қожсай кен орнында «Gas Processing Company» ЖШС ілеспе мұнай газын қайта өңдеу жобасы, «Samruk Kazyna - United Green» ЖШС Жамбыл облысында қуаты 100 МВт болатын Қазақстан-Британ бірлескен жобасы - «Бурное» күн электр стансасын пайдалануға берілді.null

Телекөпір барысында Атырау облысындағы «Карат» ЖШС автоматтандырылған диірмені, Ақмола облысында жылына 50 000 тонна ет өндіретін Макинск құс фабрикасының бірінші кезеңі, сондай-ақ Арқалық қаласындағы ет өңдейтін «Торғай Ет» ЖШС кешені жұмысқа кірісті. Бұдан бөлек тамақ өнеркәсібі саласында Mareven Food Holdings трансұлттық холдингінің Алматы облысындағы ұнды терең өңдейтін және тамақ өнімдерін дайындайтын зауыты да іске қосылды. Түркістан облысында түйе мен бие сүтін өңдейтін «Golden Camel Group LTD» ЖШС кәсіпорны ашылды, онда құрғақ сүт, балалар тағамы және энергетикалық сусындар әзірленеді.

Сондай-ақ еліміздегі алғашқы концессиялық жоба - Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы құрылысы басталды. Онда 3 мыңға жуық адам жұмыс істейтін болады.

 «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде, ауылға кең жолақты интернет барып, ауылдағы 3 718 мемлекеттік мекеме алдыңғы қатарлы технологияларға қол жеткізген. Телекөпір барысында соған мысал ретінде Шығыс Қазақстан облысындағы Озерка ауылындағы орта мектеп көрсетілді. Айта кетерлігі, ауылдық жерлерді цифрландыру білім саласын ғана емес, сонымен қатар медицина мен мемлекеттік қызмет көрсету салаларын да өзгертіп жатыр.  Цифрландыру аясында Екібастұзда Орталық Азиядағы ең ірі дата-орталық, Қостанайда еліміздегі ең цифрлы диірмен кешені - «Бест Костанай» ЖШС іске қосылды. Астанада модем, коммутатор және автоматты цифрлы телефон стансасын өндіретін «DigitalSystemServis» ЖШС зауыты, Алматыда прибор жасау және радиоэлектроника инновациялық «Kaz Tech Innovations» ЖШС зауыты іске қосылды. Әуе жүк тасымалы саласында e-Freight және «Қазпошта» компаниясының фулфилмент-орталық - қағазсыз құжат айналымы ақпараттық жүйесі, «ҚазТрансОйлдың» мұнай тасымалдауды басқару digital-жүйесі Елбасының пәрмен беруімен іске қосылды. Цифрландыру еңбек өнімділігін арттыратынын ескерсек, осы айтылған салалардың барлығында дерлік ендігіде жандану белгілері байқалуы тиіс. 

Телекөпірді түйіндесек, индустрияландыру  елдің барлық өңірлеріне серпін беріп отырғанын байқаймыз. Қазіргі күні Индустрияландыру картасына енгізілген жобалардың арқасында өңдеу өнеркәсібінің көрсеткіші артып, сапасы да жақсарып келеді. Ендеше, бұл бағыттағы Елбасы бастамасы Қазақстанды дамыған елдердің қатарына шығарып, әлеуметтік мәселелерді шешуге, халықтың табысын арттырып, өмір сүру деңгейін көтеруге жол ашады.

 

Соңғы жаңалықтар