Елбасы геоэкономикалық және геосаяси үрейлердің себебін атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өршіп келе жатқан бірқатар проблемада конструктивті шешім табу барынша күрделенуде.

Бұл туралы бүгін «Астана» клубының екінші отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ХХІ ғасырдағы әлем дамуының философиясы мынадай: жаңа дәуір туады, біз мұның барлығын білеміз. Өршіп келе жатқан бірқатар проблемада конструктивті шешім табу барынша күрделенуде. Бүгінде ешкім бізге 2008 жылы басталып, осы күнге дейін жалғасып келе жатқан мұндай дағдарыстан қалай шығудың рецептін айта алмайды. Бұл бизнестің бір бөлігінің, бүкіл әлемдегі саяси және сарапшылық ортаның мелшиген күйге түсуіне әкелуде», - деді Назарбаев.

Мемлекет басшысының пайымынша, дәл осы жайттан бүгінде геоэкономикалық және геосаяси қорқыныш пайда болып отыр.

«Мұнай мен металл құнының күрт құлдырап, қаржы нарықтары, ұлттық валюталар құлады, әлемдік сауда өсімі қарқыны төмендеді, оған өзара санкциялар саясаты да кері әсерін тигізуде.  Бұл заманауи, жаһандық экономикаға тәуекел екендігі сөзсіз. Бірақ бұл тұйықталған жайт емес», - деді Елбасы.

Сондықтан ҚР Президенті экономикалық өсімнің жаңа нүктелерін табу, халықтар мен елдер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа шегін айқындау маңыздылығын айрықша атап өтті.

Айта кетейік, халықаралық деңгейдегі шараға әлемнің 50-ден астам сарапшысы, саяси және қоғам қайраткерлері, 21 елдің ғалымдары, сонымен бірге қазақстандық жетекші сарапшылар қатысуда.

«Астана» клубы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының жетекші халықаралық ғылыми орталықтар  - Қытай қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясы, Германия сыртқы саясат кеңесі, Ресей халықаралық істер кеңесі және Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорымен бірлесіп құрған халықаралық пікірталас алаңы саналады.

«Астана» клубының бірінші отырысы 2015 жылғы қарашада әлемнің 15 елінен келген 47 сарапшының қатысуымен өткен еді. Оның барысында Еуразия геоэкономикасының негізгі аспектілері, ғаламдық және өңірлік ойыншылардың мүдделері, экономикалық қауіп-қатерлер мен мүмкіндіктер талқыланған болатын.

Соңғы жаңалықтар